БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының екі мекемесінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімшесінде пробация есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін 12 жұмыс беруші мекеме 100-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде іс-шараға қатысқан пробация есебіндегі 40 азаматтың 17-і, ал 26 алимент бойынша борышкер азаматтың 12-і жұмысқа жолдама алды. Ал екінші «Teṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығында 20-ға жуық жұмыс беруші мекеме қатыстырылған жәрмеңкеде 100-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке алаңына 75-тен аса жұмыс іздеуші азамат келіп, 45-і өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Сонымен қатар, жәрмеңке барысында тұрғындар халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер алды.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте пробациялық есепте тұрғандар квотамен жұмысқа орналаса алады. Өздеріңізге белгілі, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек берудің бірден бір жолы — ол азаматтарды жұмыспен қамту. Осыған байланысты пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу жөнінде 2022 жылдың 19 шілдесінде қала әкімінің №1353 қаулысы шыққан. Қаулыға сәйкес, былтыр пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 11 кәсіпорында 54 адам жұмысқа орналастыру жоспарланған еді. Бастама биыл да жалғасын тауып жатыр. Ескере кету керек, азаматтарды жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тартқан мекеме басшысын қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сай әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін аудандық прокуратура органына хат жолданатын болады.