ЖЕТІСАЙ: ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында 2022 жылдың 12 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы бойынша аудан тұрғындары алдында жылдық есебін берді.

Аталмыш шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков пен аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков, қоғамдық ұйым басшылары мен қала, кент, ауылдық округ билері, БАҚ өкілдері қатысты. Өткен жылы аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыспен күресті күшейтуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырған жұмыстарының нәтижесінде тіркелген қылмыстардың жалпы саны өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 528-ден 441-ге кеміген. Нақтырақ айтар болсақ, ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 149-дан 119-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 16-дан 1-ге, ауыр қылмыстардың тіркелуі 133-тен 118-ге кеміген. Әйтсе де ауылдағы ағайынның күнкөрісіне жарап отырған төрт түлігін ұрлау фактілері бойынша Ш.Ділдәбеков, Ынтымақ, Қазыбек би, Қарақай, Жылы су, Ж.Ералиев және Жаңа ауыл ауылдық округтерінде ашылмаған 14 қылмыс бар. Аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасының, аудандық полиция бөлімінің жүргізген түсіндіру жұмыстарының ауқымдылығына қарамастан, барыс жылында алаяқтық қылмысының тіркелуі 125-тен 130-ға жоғарылаған.
Сонымен қатар жергілікті полиция қызметі саласының қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде мас халде жасалған қылмыс 17%-ға, топтасып жасалған қылмыстар 61,8%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 26,1%-ға, көшеде жасалған қылмыстар саны 36%-ға, қарумен жасалған қылмыстар саны 80%-ға кеміген. «Біз аудан полицейлерінің тұрғындармен жұмысын жақсартып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында енді әр тоқсан сайын учаскелік полиция инспекторларының атқарған жұмыстарының есебін өздері бекітілген қала, кент, ауылдық округтерде тыңдайтын боламыз. Кездесулерге өзім арнайы қатысып, тұрғындарға жеке қабылдау өткізетін боламын. Өйткені айтары бар ауыл тұрғындарының бәрінің полиция бөліміне келулеріне мүмкіндіктері бола бермейді. Екінші жағынан, ауыл ақсақалдары мен белсенділерін жұмылдыру арқылы қылмыс пен құқық бұзушылық көрсеткіштерін мұнан да төмендетуге қол жеткізе аламыз» дейді полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков.
Ауданның бас полицейінің мәліметінше, өткен жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ең негізгі 7 бағыт бойынша 1197 әкімшілік хаттама толтырылып, жол-техникалық инспекциясы саласы бойынша жүргізілген 215 тексеріс барысында 385 кемшілік анықталған. Жүгенсіз жүргізушілердің ережелер мен заңдылықтарға мойынсұнбауының салдарынан аудандағы жол-көлік оқиғаларының саны 38-ден 61-ге, қаза болғандар саны 16-дан 24-ке, ал жарақат алғандар саны 33-тен 75-ке артқан. Аудан аумағында орнатылған 35 бейнебақылау камераларының 6-ы бүгінде істен шыққан. Полиция бөлімі тарапынан 12 «Сергек» заманауи үлгіде зияткерлік автоматты режимде жұмыс істейтін бейнебақылау камераларын орнатуға аудан әкімдігіне ұсыныс жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жиын соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Әділбек Әбдірайымұлы айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша да жұмыстар жүргізуге уәде етті.