КҮНГЕЙГЕ ҚАРЖЫ ҚҰЮҒА НИЕТТІЛЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Соңғы уақытта Түркістан облысында инвестициялық жайлы орта қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп те жатыр. Осының арқасында өңірге қаржы құюға ниетті кәсіпкерлер саны арта түскен. Бұдан бөлек, облыс атынан түрлі елдерде жиындар ұйымдастырылып, Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып жатқанын да тілге тиек ете кету керек. Нәтиже де жоқ емес. Тарқата жазайық…

Өзбекстан Республикасы Ферғана облысы әкімінің орынбасары Хуршиджон Ахмедов бастаған делегация арнайы Түркістанға іссапармен келген болатын. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзбекстандық делегацияны күтіп алып, түркі елдерінің басын қосатын «TURAN» АЭА-ның артықшылығы мен мүмкіншіліктерін таныстырып, инвесторлардың жобаларын тыңдады.
Өзбекстан Республикасы бойынша тоқыма класстерінің 40%-ы Ферғана облысы құрайды. Өзбекстандық инвестор, «Tricolor Textile» компаниясының директоры Бахтиёр Садиков Түркістан облысынан текстиль класстері бойынша фабрика ашуға 10 млн АҚШ долларға инвестицияға құюға ниетті екенін жеткізді. Ол үшін шиттен дайын өнімге дейінгі класстерді дамытуға жер сұрады. Сонымен бірге, ауылшаруашылығы бойынша 20 млн АҚШ долларын құюға дайын екенін айтты. Ол ірі қара мал бордақылап, түркістандық кәсіпкермен өзара келісім арқылы бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ферғана облысы әкімінің орынбасары Хуршиджон Ахмедов «Түркістан-Ферғана» бағытында әуетасымалын ашуды ұсынып, екі облыстың туристеріне керемет мүмкіншілік боларын жеткізді. Айта кетейік, жуырда Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразақова бастаған делегация Өзбекстанға арнайы іссапармен барып, мақта кластері бойынша бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізген болатын.