ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
Елімізде білім саласының дауына айрықша назар аударылып келеді. Жуырда аталған салаға жауап беретін министрліктің өзі жұмыс сапасын арттыру мақсатында екіге бөлінді. Ал салада қандай серпіліс бар? Зерттеулер не дейді? Тоқталайық…
Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов еліміздегі жоғару оқу орындарының рейтингі тарқата айтып өтті. Ашып айтсақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметіне қарағанда, Болон процесінің бақылау тобы өкілдерінің қатысуымен өткен Орталық Азия ЖОО ректорларының конференциясында ол 2022 жылы қазақстандық университеттер түрлі рейтингіде жетістіктерін баяндаған.
Нақтырағы, «Әлемдегі ең үздік университеттердің негізгі рейтингінде қазір 16 қазақстандық ЖОО бар екенін білеміз. Бұл – Қазақстандағы білім беру жүйесі тарихындағы абсолютті рекорд. Үздік университеттердің аймақтық рейтингіне 33 қазақстандық жоғары оқу орны кіреді. Бұл да Қазақстандағы жоғары білім тарихындағы ең жоғары рейтинг. Белгілі бір пәндер бойынша үздік университеттер рейтингіне 6 ЖОО енді.
Үздік студенттік қалалар рейтингіне Қазақстанның екі қаласы, яғни Алматы мен Астана енді. Осы орайда, студенттер оқығысы келетін және жақсы көретін 105 қаланың екеуі Қазақстанда орналасқан» деді маман.
Мұның өзі білім саласында қолға алынған бастамалардың өз нәтижесін беріп жатқанын айғақтаса керек. Әйткенмен арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Бізде түйткілді түйіндер жетерлік. Жыл сайын қыркүйек айында жатақхана мәселесі көтеріледі. Арзан баспанадан қағылған студенттер пәтер жалдап, оның ақысын төлеу үшін түнде жұмысқа шығады. Мұның білім сапасына кері әсер етері бесенеден белгілі. Қала берді, ЖОО-ларда пара беру фактілері турасында да ақпарат жиі жазылады. Мұның барлығын жөнге салмай, әрі қарай жетістікке жету мен білім саласы салтанат құрған елге айналу қиын.