БІР АЙДА 20 МЛН-ҒА ЖУЫҚ КИБЕРШАБУЫЛ ЖАСАЛҒАН

Ғаламтордың кең қолданысқа енуі қоғам өмірін жеңілдетті. Әйтсе де өзекті мәселелер де жоқ емес. Мәселен, бір айдың ішінде 20 млн-ға жуық кибершабуыл жасалған. Бұл – көкейтесті мәселе. 

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ хабарламасында «Елімізде болып жатқан кибершабуылдарға тойтарыс беру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қауіптерді азайту үшін барлық желілік трафикті талдау және әрбір пакетті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Киберқалқан зиянды трафик пен зиянды бағдарламаларды сүзу арқылы ішкі және сыртқы периметрлік шабуылдарға төтеп беруде. Бір айдың ішінде 20 млн-ға жуық кибершабуылға тойтарыс берілді» делінген. Аталған мекеменің болжамынша, еліміздегі кибершабуылдың үдеуі алда келе жатқан сайлау науқанымен тікелей байланысты.

DDoS шабуылдары үшін бүкіл әлем бойынша таралатын ботнет деп аталатын вирус жұққан компьютерлер мен IoT құрылғыларының желілері қолданылған. Қазіргі уақытта Cybershield күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жалпы DDoS шабуылы – бұл белгілі бір интернет-ресурсқа немесе интернет сегментіне ретсіз сұраныстар түріндегі арнайы бағытталған қуатты трафик ағыны. Шабуыл нәтижесінде интернетке қолжетімділік көрсеткіші төмендейді немесе жұмысы мүлде тоқтайды. Демек соңғы уақыттағы интернеттегі ақаулардың жиілеуі де дәл осы кибершабуылмен байланысты болуы бек мүмкін.