ПӘТЕРДІ ЖАЛҒА АЛУ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕП ЖАТЫР

Қыркүйек айында еліміздің бірнеше қаласында баспана бағасы әлденеше есеге артқан болатын. Мұның Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияға тікелей қатысы бары да белгілі. Осының салдарынан талай тұрғын пәтерден қуылды. Енді еліміздің кей қалаларында баспананы жалға беру бағасы төмендеп жатыр. Кейінгі аптада Петропавл, Ақтөбе, Павлодар, Орал және Астана қалаларында бағаның айтарлықтай арзандауы байқалды.

Krisha.kz сарапшылары кейінгі аптадағы, яғни 5-12 қазандағы баға мониторингі деректерін ұсынды. Оған сенсек, Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін алғашқы апталарда жалға беру бағасы өскен қалаларда жалдау ақысы төмендей бастаған. Мәселен, бір апта ішінде айтарлықтай арзандау Петропавл мен Ақтөбеде (бағаның 14 пайыздан аса төмендеуі, орта есеппен бір шаршы метрге шамамен 4400 теңге), сондай-ақ Орал мен Павлодарда (10 пайыздан аса) байқалды. Астанада кейінгі аптада жалға берілетін тұрғын үй бағасы 6,8 пайызға арзандаған.

Ал Алматы, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Шымкент қалаларында жалға алу бағасы керісінше қымбаттаған. Бір аптада жалға беру бағасы Алматыда бірден 8,9 пайызға, Ақтауда 9,8 пайызға өскен. Алматыда жалға берілетін пәтерлердің арзандамауы ішінара нарық құрылымының өзгеруіне және арзан пәтерлердің тапшылығына байланысты екені атап өтілді. 12 қазандағы жағдай бойынша пәтерлердің абсолют бағасы бойынша қала көш бастап тұр. Яғни бір бөлмелі пәтер 270 мың теңге, екі бөлмелі пәтер — 500 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтер 750 мың теңге. Астана баға бойынша екінші орында – бір бөлмелі пәтер 250 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 350 мың, үш бөлмелі пәтер 500 мың теңге. Қош делік, мұндай үрдістің қашанға дейін ұзаруы белгісіз. Бір ғана нәрсе анық, мұндай бағаны көптің қалтасы көтермейді. Сәйкесінше, нарықтағы сұраныс азайса, пәтер бағасының арзандайтыны белгілі. Ол күн де алыс емес сыңайлы…