ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІНІҢ ЖИІЛЕУІНЕ ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛ СЕБЕП
Елімізде полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлық фактісінің жиілеп жатқаны турасында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылып жүр. Осындайда тиісті сала басшысының құқықбұзушылықтың аталған түрімен күресті қалай жүргізіп жатқаны көпке қызық. Өйткені түрлі ресми статистикада айтылар ақпарат пен шынайы өмірдегі жағдайлардың қабыспай жататынын жақсы білеміз.
Жуырда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ҚР Президенті телерадиокешенінің «Үш сұрақ» бағдарламасында сақшылардың арасындағы жемқорлықты жою үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын баяндады. Министрдің сөзінше, әуелі заң нормаларындағы жемқорлық тәуекелдерді жою қажет. Бүгіннің өзінде цифрлық қалтарыстар бар. Ол қалтарыстар бопсалауға, заңсыз жолмен баюға, қызмет жағдайын теріс мақсатқа пайдалануға жол ашады. Осы олқы тұстарды жапсақ, ішкі істер қызметкерлерінің санасы да өзгереді.
Ал сақшылар арасындағы жемқорлықтың жайлауына әлеуметтік мәселелер себеп болып отыр. Сәйкесінше, тұрмыстық әлеуеті төмен мамандар барда сыбайластықпен күрес оң нәтиже бермеуі бек мүмкін.
«Еңбекақыны көтеру бізге сақшылар сапына лайықты мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді. Қазір біздің полиция қызметкерлері заңнан аттаса, біраз игіліктен айрылуы мүмкін. Мемлекет басшысы бірнеше рет қамқорлық танытып, еңбекақысын өсіріп жатыр. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар күні-түні қоғам тәртібін күзетіп жүрген патрульдік бекеттегі қызметкерлерге қосымша сыйақылар белгілейді. Сондықтан, біздіңше, бүгінде әлеуметтік және өзге де артықшылықтар полициядағы қызметті тартымды етеді» дейді министр.
Қош делік, салаға мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып, дамуына ықпал етіп отырғаны белгілі. Ал министр келтірген себепке сүйенсек, жемқорлықпен күрестің жуық арада нәтиже беруі екіталай тәрізді. Анығын уақыт көрсетеді…