БАЛАНЫҢ ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІГІН KASPI.KZ ҚОСЫМШАСЫ АРҚЫЛЫ АЛУҒА БОЛАДЫ
Енді ата-аналарға баланың туу туралы куәлігін ресімдеуге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Құжатты Kaspi.kz қосымшасынан онлайн ресімдеу мүмкіндігі берілді.
Бұл туралы Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе былай деді «Қазірдің өзінде әлеуметтік шот ашу, бала тууға байланысты жәрдемақыны және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді ресімдеу сияқты сервистерді іске қостық. Енді Kaspi.kz мобильді қосымшамызда баланың туу туралы куәлігін ресімдеуге мүмкіндік пайда болды. Бұл сервисті біз Әділет министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп іске қостық. Мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметтердің әр қазақстандыққа қолжетімді болуына мүмкіндік бергені үшін, ал барлық сүйікті клиенттерімізге бізбен бірге болғаны үшін мың алғыс!».
Яғни енді туу туралы куәлік алуға өтінімді Kaspi.kz қосымшасында беруге болады. Өтінімге баланың есімі мен ата-анасының деректерін енгізу керек. Содан кейін куәлікті алғыңыз келетін халыққа қызмет көрсету орталығын таңдайсыз.
Өтінім берген кезде ата-ана Kaspi.kz қосымшасында бейнеанықтау рәсімінен өтеді. Бұл құжаттарға бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермеу үшін жасалды. Мемлекеттік органдар өтінімді екі күннің ішінде қарастыратынын да айта кету керек.