САХНА ӘДЕБІН САҚТАМАҒАНДАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАТАҢДАУЫ МҮМКІН

Бұдан біршама уақыт бұрын сахна мәдениетін сақтамаған әртістердің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Міне, сол уақытта сахнаға ішімдік ішіп шығатын өнер иелерін қатаң түрде жазаға тарту бастамасы көтерілген. Енді аталған жайтқа қатысты ресми ақпарат жарияланып отыр. Тарқатайық…

Енді еліміздегі әртістердің көрермен алдында өзін ұстауына қатысты талаптар қатаңдай түспек. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Нақтырағы «2020 жылы еліміздің мәдениет саласы туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес әртістердің концерт және басқа да мәдени іс-шара кезінде сахна әдебін сақтауы туралы норма қарастырылған, яғни көрермен алдында өзін дұрыс ұстай білуі. Одан бөлек, фонограммаға қатысты талап қойылды. Әнші фонограммамен айтқан жағдайда көрерменді ол туралы ескертуі тиіс. Бірақ қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жазаға тарту немесе айыппұл салу қарастырылмаған» деді ол.
Маманның айтуынша, заңнамаға өзгеріс енгізу оңай нәрсе емес. Дегенмен жауапты министрлік тарапынан сахна әдебін сақтау мәселесі пысықталып жатыр. Атап айтар болсақ, заңды және жеке тұлғалар үшін 150 АЕК немесе 477 000 теңгеден бастап, 2 мың АЕК немесе 6 360 000 теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылуда. Дегенмен аталған норма заңға енген жоқ. Бастама қаралу үстінде. Тіпті, бұл жобаны өнер иелері де қолдаған. Демек жуық арада аталған мәселе заң жүзінде бекітілу ықтималы жоғары. Ендеше ащы суға сылқия тойып алып, киелі сахнаны жынойнаққа айналдырған әншілердің әрекеті бұдан былай елеусіз қалмайды. Мұның өзі өнерге деген құрметті арттыратыны белгілі. Қала берді, сахнаға шығар кей әртістің ессіз әрекетіне тоқтау болары анық.