ЖАЛАҚЫ КӨЛЕМІ ЖОҒАРЫ ӨҢІРЛЕР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Соңғы әлемде орын алып жатқан оқиғалар қоғамның барлық саласына өз әсерін тигізді. Кей өндіріс орындары тұралап қалды. Құнды қағаздар бағасы құлдырады. Базардағы азық-түліктің құны өсіп, көптің қалтасына ауыр соққы болып тиді. Осы тұста еліміздегі орташа жалақымен қазіргідей сын сағатта қысылмай күн көруге бола ма деген заңды сауалдың туындайтыны белгілі. Жуырда ranking.kz сайты еліміздегі орташа жалақы көлемі турасындағы зерттеуін жариялады.

Аталған дерекке сенсек, биылдың екінші тоқсанында жалдамалы қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 287,1 мың теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен. 2021 жылдың осы кезеңінде шағын кәсіпорындарды қоса алғанда, қазақстандық компаниялар қызметкерлерінің орташа айлық атаулы жалақысы 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 18 пайызға өсіп, 233,5 мың теңгені құрады. Сала бойынша алып қарасақ, биылғы екінші тоқсанда ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында тіркелген. Оның көлемі 561,6 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ қаржы әрі сақтандыру қызметі 540,4 мың теңге орташа жалақымен екінші орынға жайғасқан. Одан кейінгі орында 378,9 мың теңгемен ақпарат және байланыс, 378,7 мың теңгемен ғылыми және техникалық қызмет, 330,4 мың теңгемен көлік әрі қойма шаруашылығы қызметі тұр.
Ал ең төменгі орташа айлық атаулы жалақы сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу, ластануды жою жөніндегі қызметке тиесілі болып отыр. Оның көлемі – 167,9 мың теңге. Бұдан бөлек, ауыл, орман әрі балық шаруашылығы, өнер, ойын-сауық пен демалыс салаларында да төменгі жалақы мөлшері тіркелген.
Өңірлерге ойыссақ, ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы мұнай өндіруші Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр. Тиісінше, оның көлемі бұл өңірлерде 471,9 мың және 414,8 мың теңгені құраған. Одан кейінгі орында 364 мың теңгемен Ұлытау облысы, 346,7 мың теңгемен Астана және 314,8 мың теңге көлеміндегі жалақымен Алматы қалалары тұр. Ең төменгі орташа айлық атаулы жалақыны Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары алады. Оның көлемі 212,1 мың теңгеге жуық. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы мен Қостанай облысында да көрсеткіш төмен.