ТАКСИ ҚЫЗМЕТІМЕН ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫСУДЫҢ ДА ӨЗ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР

Бұдан біраз уақыт бұрын такси қызметімен заңсыз айналысқандардың көлігі тәркіленіп жатқаны турасында ақпарат тараған болатын. Десе де аталған ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті жоққа шығарып отыр.

Нақтырағы «Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, такси қызметін ұсынатын фактілер анықталған жағдайда, жеке көліктердің конфискацияланып жатқаны туралы ақпарат қайта-қайта тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жатпайды» дейді аталған мекеменің баспасөз қызметі.
Ведомство мұндай шара сот шешімімен ғана қабылданатынын да еске салды. Толығырақ тоқталсақ, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарымен соттың шешімі болған жағдайда меншіктен айыру мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ешкім өз мүлкінен айырылуы мүмкін емес, тек сот шешімі бойынша ғана жүзеге асуы тиіс. Қазіргі таңда заңсыз такси ретінде жұмыс істегені үшін көлік құралдарының конфискацияланғаны туралы бірде-бір дерек жоқ. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті такси қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертеді.
Айта кету керек, жеке кәсіпкерлікті электронды үкімет порталы арқылы (е-лицензирование) немесе «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы, Kaspi және Halyk банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тіркеуге болады.