ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРДЫҢ ЖАРТЫСЫН КАМЕРАЛАР АНЫҚТАУДА

Қазақстанда камералар жиі орнатылып жатыр. Дегенмен бұлардың өзі жол ережелерін бұзу фактілерін толықтай тіркеуге әлі жетіспейді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында айтты.

Өз сөзінде министр «Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан астам автоматты камера жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Жол ережесін бұзудың 50 пайызы осы камералар анықтап жатыр. Ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетеді» деді. Дегенмен мұның өзі жол ережесін бұзатын жүргізушілердің әрекетін толықтай анықтауға қауқарсыз. Себебі камералар саны тым аз қалалар баршылық. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 43 камера жұмыс істеп тұр. Павлодарда 58, Қызылордада 65, Маңғыстауда 70, Ақмолада 82, Батыс Қазақстан облысында 94, ал Түркістан облысында барлығы 100 камера орнатылған. Сонымен бірге жалпы ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымнан астам жол таңбасын орнату қажет.
«Жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы республика бойынша 2 млн пагондық метр қажеттілік бар. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр» деді Марат Ахметжанов. Жиында министр автомектептердің оқыту сапасын да сынға алды. Қауіпсіздік мәселесін шешу мақсатында көлікті техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейту бастамасын да ұсынды. Айта кету керек, жол бойына орнатылған камералардың арқасында қалалардағы тәртіп мәселесі біршама шешіліп келеді. Орын алатын оқыс оқиғаларды зерттеу бойынша да тиімділігін көрсетуде. Дегенмен аталған бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бастамалар алдағы уақытта да жоғары қарқынмен жалғасады.