АСЫРАУШЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ КӨМЕК АЛА АЛАДЫ?

Елімізде асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін көмектің бары белгілі. Бұл жәрдемақыны алуға Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы. Бұл төлемдер қалай жүзеге асады? Оның мөлшері қандай? Өтінімге қандай құжаттар қажет? Саралайық…

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айындағы соңғы көрсеткіштерге сәйкес, елімізде асыраушысынан айырылғандар саны 180,1 мың адамды құрайды. Ал аталған жағдай бойынша жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адам санына, сонымен қатар тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты тағайындалады. Осы тұста айта кетерлігі, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақыға Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да үміткер бола алады. Егер ол бірнеше мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы болса, онда мемлекеттен тек бір ғана жәрдемақы тағайындалады.
Аталған әлеуметтік төлем балаларға (асырап алынған балаларын, өгей балаларын және өгей қыздарын қосқанда), қайтыс болған асыраушыдан бөлек еңбекке жарамды туысы жоқ, он сегіз жасқа толмай мүгедек болып қалған ағалары, апа-сіңлілері мен немерелеріне, алимент алмайтын өгей балаларына, зейнетке шыққан әкесі, шешесі (асырап алушыларды қоса алғанда), әйелі, күйеуіне, қайтыс болған асыраушының сегіз жасқа толмаған баласын бағатын еңбекке жарамды ағасына, әпкесіне, ата-анасы немесе ата-әжесіне, күнкөріске жеткілікті қаражаты жоқ зейнетке шыққан атасы мен әжесіне төленеді. Осы тұста ескере кетерлігі, асыраушысынан айырылған кәмелет жасына толмаған баланы басқа біреулер асырап алған жағдайда да ол жәрдемақыны алу құқығын сақтай алады. Бұдан бөлек, колледж немесе жоғары оқу орнында оқитын отбасы мүшелері 23 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлемді алуға құқылы. Ал ата-анасынан айырылған бала үшін аталған жәрдемақы оның ресми өкіліне беріледі.
Әлеуметтік төлем мөлшері отбасы мүшерінің санына байланысты көбейтіледі немесе азайтылады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің саны өзгерген жағдайда есептеу қайта жүргізілмек. Жәрдемақы асыраушысынан айырылғандарға ай сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес тағайындалады. Оны алу үшін жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің ҚР-да тұруға ықтиярхаты) немесе қандас мәртебесі бар адамдар үшін қандас куәлігі), асыраушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі, қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарды растайтын құжаттар, баланың (балалардың) туу туралы мәліметтері, қайтыс болған асыраушының консулдық легализациясы не арнайы штампы (апостилы) болған кезде шет мемлекеттердің құзырлы органдары берген баланың Қазақстан Республикасынан тыс жерде тууын тіркеу туралы және неке (ерлі-зайыптылық) және некені бұзу туралы, асырап алу туралы, әке (ана) болуды белгілеу туралы куәліктер, он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелерінің білім алатыны немесе күндізгі оқу нысанында білім алатыны туралы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан алынған анықтамалар (жыл сайын жаңартылады), қамқоршы немесе қорғаншы белгілеу туралы құжат, банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі сынды құжаттар қажет.