ҚҰРСАЙДАҒЫ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағынауданында қолға алынған инфрақұрылым жұмыстарының құрылыс барысын тексерді. Қазіргі уақытта 7 560-тан астам тұрғыны бар аумақты сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2 кезеңмен атқарылуда. 1-кезеңде 185,5 шақырымға су құбыры тартылып, бітуге жақын. Нәтижесінде 4 900 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады.
Ал 2-кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарының 92 пайызы орындалды. Жоспар бойынша, қараша айында 3 436 абонент, жыл соңына дейін барлығы 41 680 тұрғын таза суға қол жеткізбек. Құрсай шағынауданы электр жарығымен 100 пайызға қамтылған. Дегенмен қуат көзінің сапасын арттыру мақсатында 110/35/10 кв электр желілерін тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, тағы 600 үй сапалы электр жарығына қосылады. Бірінші талаптың сапа, одан соң әр істің мерзімінен кешіктірілмей ел игілігіне берілу екеніне тоқталған қала басшысы, іске жауапкершілікпен қарауды еске салды.
Жалпы 2021 жылы Құрсай шағынауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобилді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалған болатын. Бүгінге дейін, Құрсай шағынауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көше маңына базалық станция орнатылды. Сонымен қатар жеке инвестормен келісім жасасып, №49 мектептің маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобилді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде атқарылса, шағынаудан сапалы интернетпен қамтылады. Одан бөлек шағынауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан шағынауданды сапалы интернетпен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынған.