ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТУШЫЛАР КӨП ОҢАЙ ОЛЖАҒА КЕНЕЛГІСІ КЕЛГЕНДЕР КІМДІ БАЙЫТЫП ЖАТҚАНЫН БІЛЕ МЕ?

Құмар ойынының құрдымға құлатары белгілі. Мұны барша біледі. Айқын ұғып, анық түсінеді. Әйтсе де әрекетінің артын ойламай жататындар бар. Міне, осылайша бастапқыда 100 теңге тігумен басталған құмарлықтың соңы миллиондап қарызға батуға ұласады. Елімізде оңай олжаға кенелгісі келіп, от басқан азаматтар жетерлік. Бірнешеуіне тоқталып өтейік…

Қалың оқырманның есінде болса, осыдан біраз уақыт бұрын бейнеулік тұрғын «Лото» клубын өртеп жіберген болатын. Өзін құмар ойынының құрбаны санаған азамат 20 жылда 200 миллион теңге ұтылған. Бала-шаға мен жарын, туған-туысқандары мен достарын жерге қаратқанына ашынған тұрғын қалайша қарызға батқанын да білмей қалған. Міне, осылайша өзгенің ақшасын алдап алуға дейін барады. Өзінің әрекетін ол былай деп түсіндірген еді «Ақшаны алғанша зат, мал, темір, тас, көлік қозғалтқышын сатамын деп әртүрлі өтірікті айтасың. Әйтеуір сол ақшаны алудың амалын жасайсың. Сол ақшаға 1 нан алмайсың, иә бала-шағаңа бұйырмайды. Астыма көлік, басыма баспана алған жоқпын. Үйім жоқ. Қор болдым. Тепсе темір үзетін қаншама нар жігіттер осыдан қор болып жүр. Қаншама отбасы бұзылды. Қаншама адам қарызданып, өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Менің де өзіме қол жұмсаған кездерім болды. Ал енді мына Бейнеудегі лотоны өртемеске болмады. Ауылымызда осыдан басқа жынойнақ жоқ. Мен ешқандай жауапкершіліктен қашпаймын. Адамдардан алған барлық ақшам осы азарт ойындарға кетті». Иә, құмар ойынының құрығына түсіп, өзімен қатар өзгені де алдап жүрген азаматтар мұнымен шектелмейді. Осыған ұқсас жағдай ленгерлік азаматтың да басынан өткен. 30 жасқа таяған азамат таныстарынан 75 миллион теңге алып, құмар ойындарына тігіп жіберген. Ұтылғаны айдан-анық. Міне, осылайша тамыр мен танысқа қарауға намысы жібермеген жігіт Алматыға тайып тұрады. Бұл – жалпы қоғамға белгілі болған оқиғалар. Жұрт білмейтін жағдайлардың көп екені айдан-анық. Бүгінде аталған ойындардың салдарынан талай шаңырақтың шырқы бұзылып, отбасылардың ойрандалып жатқаны белгілі. Қош делік, жаза берсек, мұндай жағдайлар жетерлік. Әйтсе де мұнымен мәселенің шешілмесі анық. Қала берді, қазіргі таңда құмарға құмартушы жастар қатары да артып барады. Оңай олжаның қақпанда ғана болатынын білсе де, құмарлықты тәуекелмен шатастыратын тәрізді. Әйтпегенде құздай құлдилай құлататын әрекетке бармасы анық.

Қош делік, ресми статистикаға сүйенсек, пандемия кезінде букмекерлік кеңселер мен құмар ойынын ойнататын компаниялардың пайдасы әлденеше есеге артқан. Ал еліміздегі құмар ойындар мен бәс тігулердің дені Алматы облысында шоғырланғаны белгілі. Жуырда Finprom.kz аталған мәселеге қатысты зерттеу нәтижесін жариялады. Жағдай мәз емес. Тіпті, қорқынышты деуге болады. Сандарға сенсек, биылғы қаңтар мен маусым аралығында құмар ойындар мен бәс тігулерді ұйымдастыру қызметтерінің көлемі экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алғанда 294,41 млрд теңгеге жетіп жығылған. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда ақшалай түрде 8,4 есеге, нақты мәнде 7,8 есеге артқан. Оның ішінде Алматы облысына ғана 278,3 млрд теңге болса, 16,1 млрд теңге Ақмола облысында, ал қалған 5,7 млн теңге басқа өңірлерге тиесілі болып отыр. Ауылды жерлердегі көрсеткіш төмен болғанымен, өсім байқалады. Мәселен, көрсетілген қызмет көлемі 93,3 мың теңгені құраған. Ал бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға көп. Кәсіпорындарға келсек, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында ойын және бәс тігу қызметтерін ұйымдастырудың ең көп көлемі орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі болды. Көлемі – 176,5 млрд теңге, яғни былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 40,4 есе көп. Шағын кәсіпорындар 107,5 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 4,4 есеге өссе, ірі кәсіпорындар 10,3 млрд теңгені құраған. Былтырғымен салыстырғанда 64,1 пайызға көп. Демек құмар ойынына кіріп кеткендердің қатары қалыңдап барады немесе шығынға шаш-етектен батқан азаматтардың саны әлденеше есеге өскен.

Осы тұста, букмекерлік кеңселер қызметінің жарнамасы жер жаратынын айта кету керек. Бұл мәселе Парламент мінберінен де көтерілген еді. Нақтырағы сенатор Дана Нұржігітова «Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жүріп тұр. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет» деген болатын. Сенатордың айтуынша, Қазақстанда құмар ойнайтындардың саны 350 мыңнан асады, ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында. Депутат бұл мәселеге де назар аударуды сұрады. Әйтсе де мәселенің арты сиырқұйымшақтанып кеткен сыңайлы. Жарнама әлі де бар. Әлі де агрессивті түрде жүріп жатыр. Сәйкесінше, букмекерлік кеңселерде түнеп, қарызға батып, түнеретіндер саны уақыт өткен сайын көбейіп барады.

Қорыта айтқанда, букмекерлік кеңселер мен құмар ойын өткізетін компаниялардың табысы жыл санап әлденеше есеге артып барады. Бұған жарнамаға алданып, танысына сеніп, оңай олжа табуды көздеп, от басқандар санының көбеюі әсер етіп отыр. Бұл – көкейтесті мәселе. Бірдің пайдасы үшін мыңның қарызға батуы – кез келген қоғам үшін түйткілді түйін. Тез арада мәселе шешілуі тиіс. Әйтпегенде санасы ақпаратты толық сүзгіден өткізе алмайтын жастарды құмардың құрығынан құтқару қиынға соғатын тәрізді…