КҮНБАҒЫС МАЙЫН ӨНДІРУ КӨЛЕМІ 36,9 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН
отандық өнімнің игілігін неліктен халық
көре алмай келеді?
Еліміздегі қымбатшылықтың себебін шенділер түрліше түсіндіреді. Бірі әлемдегі саяси жағдаймен байланыстырады. Бірі делдалдардың әсерін алға тартады. Енді бірі отандық өнімнің әлеуетін сөз етеді. Дегенмен қазіргі нарықтағы жағдайға қарасақ, бағаның өскені өскен. Шеттен келген тауарды қоя тұрайық, отандық өнімнің бағасында да өсім байқалып отыр. Қала берді, еліміздегі кәсіпкерлер өндірген өнімін ішкі нарыққа шығарудың орнына шекара асыруды құп көретін тәрізді. Тарқатайық…
Қазіргі уақытта халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қатарына күнбағыс майы кіреді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында аталған тауар түрінің қымбаттағаны жайында жазған едік. Арада біраз уақыт өткенімен, нарықтағы жағдай әлі де өзгере қойған жоқ. Нақтырағы, ішкі нарықта май сатылымы іс жүзінде өзгеріссіз қалған, ал баға өсіп бара жатыр. Бұл туралы Energyprom.kz жазды. Отандық өнімнің әлеуеті ішкі нарықты қамтуға қауқарлы болса да, бағаның құбылып жатқанының өзі шенділер сүйенетін деректі жоққа шығарып отыр. Осы тұста сандарды сөйлетейік, 2022 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында отандық компаниялар күнбағыс майына сұранысты 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі 80,7 пайызбен салыстырғанда 82,8 пайызға қамтамасыз еткен. Осы кезең аралығында аталған азық-түлік түрін өндіру көлемі айтарлықтай артқан. Ашып айтсақ, өсім 36,9 пайызды құрап отыр. Десе де шеттен келетін күнбағыс майының көлемі де көбейген. Яғни 18,6 пайызға өсіп, 55,6 мың тоннаға жетіп отыр. Осы тұста көптің көкейінде нақты сауалдың туындайтыны белгілі. Елімізде күнбағыс майын өндіру көлемі артып отырса, неліктен шеттен келетін тауарға иек артып отырмыз? Ішкі нарықты қамтуға қауқарымыз бар болса да, сауда сөрелеріндегі өзге елдің өнімінің көбеюі немен байланысты? Бір жылда халықтың тұтыну көлемінде айтарлықтай өсімнің болмасы анық. Сөйтсек, мұның себебі басқа екен…
Елімізде өндірілетін күнбағыс майы негізінен шетке шығарылып жатыр. Бір қызығы, аталған өнімнің экспорты бірден 2,6 есеге өскен. Бұл дегеніңіз – қаңтар мен шілде айлары аралығында 129,5 мың тонна өнім шетке кетті деген сөз. Отандық өндірушілердің әлеуеті артқанымен ішкі нарықтағы сатылым 193,8 мың тоннаны құраған. Өсім 0,8 пайыз шамасында ғана. Яғни еліміздегі күнбағыс майын өндірушілерге өзге елдердегі нарық ұтымдырақ. Бір жыл бұрын қолда бар өнімнің 20,7 пайызы экспортқа шығарылған болса, қазір бұл көрсеткіш 40,1 пайызға шамасында болып отыр. Демек отандық өнім әлеуетінің артуы ішкі нарықтағы бағаның тұрақталуына әсер ете алмай отыр.
Өндіріске ойыссақ, биылдың қаңтары мен тамызы аралығында елімізде 308,5 мың тонна күнбағыс майы өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6 пайызға жоғары. Жалпы өндірілген өнімнің жартысына жуығы, нақтырағы, 47 пайызы немесе 145 мың тоннасы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Абай ауданы мен Шымкентте де айтарлықтай өсім тіркелген. Сәйкесінше, аталған өңірлердегі өнім көлемі 59,2 мың және 32,1 мың тонна болып отыр. Қош делік, қанша десек те, отандық өнімнің артуы бюджет бүйірінің толуына ықпал етері анық. Бұл тұрғыдан келгенде, мемлекеттің ұтылмасы белгілі. Әйтсе де ішкі нарықтағы бағаның құбылуы көпшіліктің қалтасына ауыр соғатыны жасырын емес. Бұдан бөлек, еліміздегі дүкендер мен сауда орындарының сөрелерінде шеттен келетін тауарлардың саны қаншалықты артса, оның бағасына бақылау жасау соншалықты қиындай түспек. Мұны жауапты министрлік те, шенділер де анық біледі. Ал қымбатшылықты отандық өнім әлеуетінің төмендігіне телудің қате екенін күнбағыс майы көрсетіп отыр. Бағаның жүгенсіз кетуі шенділердің құлықсыздығы ма әлде шеттен келетін тауарға деген тәуелділік пе тағы белгісіз. Анығы, кей өңірлердегі өнімнің бағасында айтарлықтай өсім тіркелген.
Өңірлерге ойыссақ, бағаның ай сайынғы айтарлықтай өсуі Маңғыстауда тіркеліп отыр. Өңірде өнімнің бағасы бірден 10,7 пайызға қымбаттаған. Қарағанды мен Ақтөбеде де күнбағыс майының бағасы біршама өскен. Сәйкесінше, көрсеткіштер 9,9 және 8,7 пайыз шамасында болып отыр. Жалпы еліміздегі жағдайға келсек, аталған өнім түрі бір жыл ішінде 16,4 пайызға, жыл басынан бері 15,8 пайызға қымбаттаған. Демек ішкі нарықты қамтуға қаруқары жететін тауар түрі бойынша да жағдай жауапты министрлік айтатындай жақсы емес. Өнім көлемі өсіп жатыр. Мұның игілігін ел емес, экспортқа иек артқан өнім өндірушілер көруде. Дәл осылай жалғаса берсе, азық-түлік қауіпсіздігі турасында ауыз көпірте айтудан әріге аса алмайтынымызды айқын дәлелдейтін тәріздіміз.
Қош делік, қымбатшылыққа қоғамның еті үйреніп барады. Базардағы бағаның құбылуын әуелгіде ұқпай дал болған әлеуметтің дені бүгінде бұл тақырыпты сирек қозғайтын болған. Бәлкім, бұған тоқтаудың жоғын, бақылаудың төмендігін түсінгеннен болар. Қанша десек те, уақыт өткен сайын жауапты тұлғалар сүйенетін деректер мен дәйектердің шынайы өмірде жүзеге аспай жататыны дәлелденіп келеді. Бір ғана нәрсе анық, күнбағыс майын экспорт үшін шығарып отырмыз. Отандық өнім мен ішкі нарық кәсіпкерлердің де, жауапты лауазым иелерінің де ойына кіріп-шықпайтын тәрізді. Соңғы сандар осыны меңзеп тұр. Болашақты жағдай жақсы жаққа өзгере ме, әлде кері бағытта құлдиялай ма тағы белгісіз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.