АДАМ САУДАСЫ ӨРШІП ТҰР

Қоғам қанша дамығанымен, адам өмірін саудаға салу фактілері тыйылмай тұр. Бүгінде табыс табу мақсатымен шекара асып, шетке кеткендердің кейбірінің құлдыққа түсіп, қиналып жатқанын әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі оқитын болдық. Жасыратыны жоқ, елімізде де аталған мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Жуырда құлдыққа түскендер турасындағы зерттеудің қорытындысы жарық көрді. Жағдай күрделі. Бұл туралы Ranking.kz жазды. Толығырақ тоқталайық…

Зерттеулерге сүйенсек, қазақ азаматтарының шетелден гөрі, елімізде құлдыққа түсуі жиі кездеседі. Жалпы Орталық Азиядағы халықтың дені Қазақстан мен Ресейде құлдыққа түсетін болып шықты. Бүгінгідей адам құқығы айрықша дамыған заманда мұндай фактілердің жиілеуі жұрт сенгісіз жайт секілді көрінеді. Әйтсе де сандардың айтары мүлде басқа. Өңірлік деңгейде қарастырар болсақ, Қазақстан мен Тәжікстан азаматтарының дені өз елінде құлдықтың қамытын киеді. Адам саудасы деректерінің жаһандық орталығының мәліметіне сүйенсек, 2005 жылдан бастап 2021 жылға дейін Орталық Азия елдерінің 6 мыңнан аса азаматы аймақта немесе одан тыс жерде сексуалдық, еңбек немесе басқа да құлдықта болған. Осы уақыт аралығында 691 қазақстандықтың құқығына қол сұғылған. Бұл әлемдегі адам саудасы құрбандарының жалпы санының 0,66 пайызын құрайды.
Бұдан бөлек, 2259 қырғызстандық, 616 тәжікстандық, 525 түрікменстандық және 2037 өзбекстандық азаматтың құлдықта болғаны анықталып отыр. Жалпы әлемдік ауқымда қарастырар болсақ, адам саудасы мәселесі түбегейлі шешілген мемлекет жоқ. Қазірде кейбір елдер құлдарды жөнелтетін орынға, енді бірі қабылдаушы негізгі мемлекетке айналған. Оның ішінде Орталық Азия тұрғындары бірінші кезекте жыныстық және еңбек адам саудасының құрбанына айналып отыр. 2005-2016 жылдар аралығында Орталық Азияның 6128 азаматы құлдыққа сатылған. Ал дәл осы елдердің аумағында 3316 адам саудасының фактісі тіркелген. Қазақстанға ойыссақ, құлдықта болғандардың 80 пайызы өз елімізде теперіш көрген. Бұдан бөлек, еліміздің азаматтары Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде де жиі құлдыққа түседі. Тәжікстандағы жағдай да бізге ұқсас. Ал құлдықта болған Қызғызстан азаматтарының 42 пайызы Ресейде, Түрікменстан азаматтарының 54 пайызы Түркияда, Өзбекстан азаматтарының 31 пайызы Қазақстанда тіркелген.
Бүгінде құлдық туралы әңгіме өрбісе, әуелгілерден болып ауызымызға сексуалдық сипаттағы құқықбұзушылық фактілерінің түсетіні белгілі. Десе де зерттеулер адам еңбегін қанау мақсатындағы құлдықтың да кең тарағанын көрсетіп отыр. Бүгінде Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға аса бай емес Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің еңбек мигранттары Ресей және Түркия сынды елдерде жұмыс істеп, өз елдеріне жыл сайын миллиардтаған долларды жіберіп отыр. Осының арқасында аталған мемлекеттердегі біраз қаржылық мәселелердің шешіліп жатқаны бесенеден белгілі. Дәл осы адам еңбегін қанау бойынша құлдыққа түсетіндердің көрсеткіші жалпы жағдайдың 2005-2021 жылдар аралығында Өзбекстанда 70 пайызын, Қырғызстанда 82 пайызын құрады. Ал Қазақстан мен Тәжікстанда жағдай басқа. Қос елдің құлдықта болған азаматтары негізінен сексуалдық сипатта қорлық көрген.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жоғары жалақыны ұсынатын жұмыстар әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда қаптап кеткен. Жақсы жалақы, жайлы жатын орын мен үш мезгіл тамақты тегін ұсынатын мұндай хабарландыруларға алданып, шекара асып, бармақ тістеген қаракөздердің де саны артып бара жатыр. Кейбірі құқығын талап етіп, елшілікке хабарласып, араша сұраса, енді бірінде бұл мүмкіндік атымен жоқ. Ұрып-соғып, қысым көрсетіп, дегеніне жүргізеді. Міне, осылайша табыс табу мақсатымен шетел асқандардың дені құлдыққа түсіп жатады. Мұның арты адам өліміне ұласқан жағдайлар да бар. Жыл сайын елімізде әйелдерге жоғары жалақы ұсынатын ондаған интернет ресурс бұғатталады. Дегенмен мұның өзі заңсыздыққа тоқтау бола алмай келеді. Бұдан бөлек, елімізде жас қыздарды жоғары жалақымен жұмысқа орналастыруға көндіріп, жезөкшелікке мәжбүрлейтін қылмыстық топтар да бар. Оның біразы әшкере болғанымен, жасырын түрде жұмысын жалғастырып жатқандары жетерлік. Қорыта айтқанда, адам саудасы мәселесі демократияның түп қазығы саналатын елдерде де өзекті мәселеге айналып отыр. Одан құтылудың жалғыз жолы – сауатты болу. Әйтпегенде жылт еткен алдамшы хабарламаларға сенудің ақыры өкінішпен аяқталуы бек мүмкін…

Ж.БАЛАУСА.