ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҚ КОАЛИЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылды. Бұл туралы AMANAT партиясының төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов айтты.
Нақтырағы «Өздеріңізге белгілі, бізден басқа да бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер президенттікке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру жөнінде келісімге келдік» деді ол AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.
Еске сала кету керек, AMANAT партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну шешімін қабылдаған болатын. Сондай-ақ «Қазақстан Халық партиясының» кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар алдағы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Бұған дейін сайлауға мемлекет басшысының кандидатурасын мәслихат депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған еді.
«Уақыт».