БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Шымкентте кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Бұл туралы үшінші мегаполистегі «Көрме» орталығында ұйымдастырылған жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде айтылды. Сонымен қатар аталған шара барысында бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу де өтті.
Қалалық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған шараға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары-Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков, құқық қорғау органы қызметкерлері, салалық құрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Үшінші мегаполистің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері — кәсіпкерлік сала. Шымкенттегі жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді. Бүгінде қалада 95 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. «Республика бойынша 4-ші орындамыз, 180 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл да әрине сіздердің арқаларыңызда» деді Мұрат Әйтенов салтанатты шараны ашу барысында.
Жиында бірқатар өткір де өзекті мәселелер қозғалды. Қылмыстық процесс саласындағы қиындықтар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, қала құрылысында кездесетін мәселелер, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жер учаскелерін қосалқы жалдау жолдары мен жанар-жағармайға дифференциациялық бағаның бекітілуіне байланысты туындаған салықтың есептілігі сынды көптеген түйткілдер көтеріліп, олардың шешілу жолдары айтылды. Кездесу қорытындысымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды бастады. Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған біршама ұсыныстар әзірленетін болды.