МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Мемлекет басшысының Түркістанға жасаған сапары Шымкент қаласында жалғасын тапты. Жергілікті жұртшылықпен жүздескен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мегаполистің табиғаты да, тұрғындарының ықыласы мен пейілі де ыстық екенін атап өтті.

«Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын» деді мемлекет басшысы өз сөзінде. Тарихы тереңнен бастау алып жатқан шежірелі шаһардың 2200 жылдық тарихы барын сөз еткен президент үшінші мегаполистің республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері бірқатар оң көрсеткіштерге жеткеніне айрықша тоқталып өтті. Қалаға күні бүгінге дейін 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл көрсеткішпен шырайлы шаһар өзге өңірлердің арасында көш бастап тұр. Бұған қоса, қала бюджеті 4 есе өскен. Өнеркәсіп өнімі де 65 пайызға көбейген. Сонымен қатар аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын үй салынған.
Жиын барысында президент қаланы еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар үшінші мегаполисті өркендетуге қатысты бірнеше мәселеге арнайы тоқталып өтті. Ең алдымен мемлекет басшысы өндірісті дамыту мен индустриалық аймақтарды жетілдіру үшін қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын өркендету керегіне тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтар болсақ, Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Өз сөзінде ел президенті «Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы тұста Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, оңтүстік халқы қашан да еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін» деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы керегіне де тоқталып өтті. Яғни мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуі тиіс. Өз сөзінде «Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын» деді мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Айта кетсек, биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Ел президентінің айтуынша, тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет. Алдағы уақытта көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағыты да назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елдімекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елдімекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елдімекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді.
Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселесі қашан да күн тәртібінен түскен емес. Жиында мемлекет басшысы аталған бағытқа тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Тарқата айтар болсақ, ағымдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мегаполисте Оқушылар сарайы мен Балалар шығармашылық орталығының салынып жатқанына тоқталды. «Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс» деп түйіндеді өз сөзін президент.
Мәдениет саласына жасалатын қолдау шаралары да алдағы уақытта жалғасын таппақ. Өз кезегінде мемлекет басшысы ауқымды шаралар өткізетін мәдениет ошағының тапшы екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, тікелей тапсырма негізінде 2 мың орындық Конгресс холдың құрылысы басталған. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, ел президенті Үкіметке Опера және балет театрын салуды тапсырды. Жиында денсаулық сақтау саласы да қозғалды. Демографиялық көрсеткіші жоғары қалада тағы бір перзентхана салу тапсырмасының берілгенін де айта кету керек. Сонымен қатар мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту шараларына барынша жауапкершілікпен қарау керегін алға тартты. Нақтырағы «Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы уақытта әлемде бірқатар келеңсіз оқиғалардың орын алып жатқаны бесенеден белгілі. Осы орайда, ел президенті алмағайып ахуалға тап келгенімізге тоқтала келе «Алпауыт мемлекеттердің санкциялық текетіресі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай күрделі кезеңде халықтың ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз. Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес. Сондықтан сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырмыз. Бұл ұстаным халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады және еліміздің түпкі мүддесіне сай келеді. Ал ішкі саясатта бірлік пен татулыққа баса мән беруіміз керек» деді. Ал Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты туындаған көптің көкейіндегі сауалға былайша жауап берді «Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз. Біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады. Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін».
Жиында патриотизмнің озық үлгісін көрсеткен шымкенттік азаматтардың әрекеті де сөз болды. Нақтырағы, ел президенті биыл стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғанын еске салып, сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан көк байрағымызды алып шыққанын ерекше атап өтті. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі ету керегін айтып, Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысын жариялады.
Сондай-ақ кездесуде мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №1023 Жарлығымен аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Парасат» орденімен Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газетінің бас редакторы Бақтияр Байдуллаұлы Тайжанов, «Құрмет» орденімен Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ә.Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаев, «Құрмет» орденімен Шымкент қаласы «№2 қалалық аурухана» МКК дәрігері Есенгелді Ибрагимұлы Бегешев, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ спортшысы Ксения Александровна Хан, «Шапағат» медалімен Шымкент қаласы «№ 89 IT мектеп-лицей» КММ тәрбиешісі Әсем Мұхтарқызы Үсенова наградталды.
Мемлекет басшысының Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары мұнымен аяқталған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент мұнай өңдеу зауытына барды. Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады. Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды. «Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.