МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Шымкентке Еуропа қайта құру және даму банкінің делегациясын қаржы ұйымының вице-президенті Алан Пию басқарып келді. Бұған дейін аталған делегация Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің бірнеше қаласын аралаған болатын.

Банк Орталық Азияда жасыл энергетика мен экологияға байланысты жобаларды барынша қолдап келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның басшылығы қонақтарды орталық диспетчерлік қызметінде қарсы алды. Мұнда су құбыры желілеріндегі қысым деңгейінен бастап, резервуарлардағы су мөлшеріне дейінгі тұтынушыны сумен сапалы қамту бойынша барлық ақпарат жинақталады. Экрандардан жалпы орамдық және жалпы көшелік су есептегіштерінің көрсеткіштеріне дейін байқауға болады. Сондай-ақ жөндеу қызметі автокөліктерінің орналасқан жері де көрсетіледі. Кездесу барысында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орманов «Негізінде диспетчерлік орталық қаладағы барлық жағдайды бақылайды. Оның ішінде су жеткілікті жерлерді, жетіспейтін тұстарды және артық пайдаланылған жерлерді жіті қадағалайды. Тұтынушыларсыз-ақ диспетчердің өзі толық режимде жұмыс істей береді» деп атап өтті.
Мекеме Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициясы арқасында ауыз суды тарту, таратуды автоматтандыру жүйесіне көшіріп, саланы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. Нәтижесінде көп көрсеткіштер бойынша шығындарды азайтуға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, бұрын 1 текше метр суды көтеру үшін 0,87 КВт/сағ электр энергиясы қажет болса, қазір автоматтандыру, жаңғырту және цифрландыру есебінен бұл көрсеткіш 0,06 КВт/сағ құрап отыр. Су құбыры желілерін жоспарға сай жаңартудың есебінен шығын азайды және апатты, яғни авариялық-жөндеу жұмыстарына қатысты да шығындарды азайтуға мүмкіндік туды.
Бұдан бөлек, Еуропа қайта құру және даму банкі делегациясы кәріз-тазарту құрылғылары кешенін де көрді. Кешеннің басшысы Ирина Казаринова тазарту құрылғылары кешенін жаңғыртуға тартылған банк инвестициясы қандай мақсатта жұмсалғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Биогаз қондырғысын қоса алғанда, заманауи және тиімді жабдық сарқынды суды қайта өңдеуге қатысты өндірістік тізбектің әр тұсына енгізіліп отыр. Бұрын мекемеде радиалды тұндырғыштар рельстік жүйемен жұмыс істейтін. Кейде температураның төмендеуіне байланысты рельстер кеңейтіледі немесе тарылып қалады. Доңғалақтары секіріп кететін. Оларды орнына трактордің көмегімен қоюға тура келетін. Еуропалық жабдық алғалы жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Өте ыңғайлы. Салмағы небәрі – 3 тонна. Ал бұрынғы құрылғы 17 тонналық еді. Бүгінде жұмыс сапасы артуда. Ал кәсіпорын өзін өндіріске алынған инвестицияларды тиімді пайдалана алатын үлгілі серіктес ретінде көрсетіп отыр.
Бұдан бөлек, кездесу барысында Еуропа қайта құру және даму банкі мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС алтыншы келісімшартты бекітіп, өзара қол қойды. Алғашқы келісімшарт осыдан 13 жыл бұрын, 2009 жылы түзілген болатын. Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаржы өндірісті жаңғыртуға және жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Соның арқасында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС саладағы көшбасшы мекемеге және үлгілі кәсіпорынға айналды. Енді міне, сол сенімді серіктестік жалғасып, алтыншы шарт жасалды, құжаттарға 23 қыркүйек күні Шымкент қаласы әкімдігінде қол қойылды.