БАЛАЛАРҒА ЖАСАЛАТЫН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІСІ АЗАЙМАЙ ОТЫР
бұған судьялардың селқостығы себеп емес пе?
Әділетті қоғамның қалыптасуы сот жүйесіне тікелей байланысты. Заң баршаға ортақ. Өзгенің құқығына қол сұққандар жазасын алуы тиіс. Бұл қоғамның сот жүйесіне, сол арқылы билікке деген сенімін нығайтады. Десе де соңғы уақытта көңілде күдік тудыратын мәселелердің саны артып келеді. Мәселен, соңғы сегіз жылда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық ісінде судьялар бес істің екеуінде ғана кәмелетке толмаған жәбірленушілердің жағына шыққан. Бұл туралы Ranking.kz жазды.
2017 жылдан бастап Қазақстанда заңнаманың қатайтылғанына қарамастан, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілері жиілеп барады. Тек ресми мәліметтің өзінде жылына мұндай 800-ге жуық жағдай тіркелетіні айтылады. Десе де дәл осындай істің денінде судьялар тарапы жасөспірімдер мен балаларға жақтаса бермейтіні белгілі болып отыр. 2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында елімізде 601 зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл тек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелгендері ғана. Шынайы өмірде зорлық-зомбылық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болуы әбден мүмкін. Бір қызығы, талай табалдырық тоздырып, әділдік таппаған ата-ананың әрекетінен баланың психологиясында ауқымды өзгерістер орын алып, арты қайғылы оқиғаға жалғасқан жағдайлар да тіркеліп жатыр. Мәселен, биыл тамыз айында Павлодарда полицейлер 16 жастағы қызды топтасып зорлап, өзін-өзін өлтіруге итермелеген деген үш күдіктіні ұстады. Оқиғадан кейін бойжеткен 10-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі мәлімдеді. Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін жәбірленушіге төрт операция жасалған. Оның омыртқасы сынып, ішкі мүшелері тесіліп, қабыну процесі басталып, соның салдарынан бойжеткеннің көру қабілеті мен есте сақтау қабілеті тез жоғалған. Осы арқылы жасалып жатқан зорлық-зомбылық фактісінің жасөсіпірімдерге қаншалықты әсер ететінін аңғара беруге болады. Ең өкініштісі, дәл осындай іс елімізде ондап емес, жүздеп саналады. Сәйкесінше, осыншама жасөспірімнің үлкен психологиялық соққы алуына заңның емес, судьялардың жұмсақтығы себеп болып отыр. Мұның жоғарыда келтірген фактімен дәлелдеуге болады.
Human Rights Watch ұйымының зерттеу нәтижелеріне сенсек, Қазақстанда зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді және кінәлілер көп жағдайда жауапкершілікке тартылмай жатады. Ал зорлық-зомбылық құрбандарының айтуынша, полиция оларды өз сөздерінен бас тартуға және қиянат жасағандармен татуласуға жиі шақырады. Мұның арты қылмысқа барған адамның жазадан жалтаруына себеп болады. Осы тұста сандарды сөйлетсек, 2015 жылы кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы 1259 қылмыс тіркелген. Алайда сол жылы 18 жасқа толмаған адамдарға зорлық-зомбылық жасағаны үшін тек 181 қылмыскер сотталған. Бұл жалпы тіркелген істер санының 14 пайызын ғана қамтиды. Келесі жылдың өзінде тіркелген жағдайлардың саны 1,5 есе азайып, 851 жағдайға жетті. 2016 жылы қылмыс санының күрт төмендеуіне сол кездегі аталған мәселені қызу талқылау мен бертін келе химиялық кастрация мәселелерін көтеру себеп болуы бек мүмкін. Енді сотталғандарға жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алты ай қалғанда либидоны төмендететін дәрілер тағайындалуы мүмкін. Бертін келе, зорлық-зомбылық деңгейі 2015 жылдың деңгейіне көтерілмесе де, 2017 жылдан бастап көрсеткіш өсіп, жеті жыл сегіз айда сотталғандар саны 2739 адамға жетіп отыр.
Қолда бар көрсеткіштерге сенсек, көптеген істер, сонымен қатар сотталғандар «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бабы бойынша тіркеледі. 2015 жылдан бері осы бап бойынша тіркелген істердің саны жасөспірімдердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың 47%-ын құрады, ал ол бойынша сотталғандар саны «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бабы бойынша тіркелген барлық істердің 38%-ына тең. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы жасалған қылмыстардың ішінде екінші орында «Зорлау» бабы бойынша жасалған қылмыстар. Ол бойынша 1369 жағдай тіркелген. Ең сорақысы, 2021 жылы зорлық құрбандарының 62 пайызы 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер болған.
Елімізде жағдайды ушықтырып отырған өзекті мәселенің бірі – жәбір көрген адамдардың жәбірлеушілермен жеке таныстығы. Көптеген деректер сексуалдық қылмыстарды жиі жасаушылар ата-анасы, қорғаншылары немесе баланың дәрменсіз және қорғансыз күйін пайдаланып, ұзақ уақыт бойы осы қылмысты жасай алатын жақын адамдары екенін көрсетеді. Осының салдарынан күдіктілердің жазадан сытылып шығып, жалғанды жалпағынан басып жүруі көбейген. Аталған мәселені жіті назарда ұстамаса, жағдайдың азайматынын статистика көрсетіп отыр.
Қорыта айтқанда, заңның үстем болуы заңнамадан бұрын құқық қорғау органдарының адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты. Жауаптылар күдіктіге «жанашырлық» танытып, жәбірленушінің құқығын таптап жатса, мемлекет басшысы айтқан әділетті Қазақстанның ауылы алыс. Елдің ертеңіне балайтын балалар мен жасөспірімдер жәбір көрсе, онысын құқық қорғау органдары жылы жабуға тырысса, құрықталған күдікті сот залынан босап шықса, теңдік пен әділдік турасында сөз болуы мүмкін емес. Ал заң үстемдігі болмаған жерде сенім мен үміттің болмайтыны бесенеден белгілі. Сандарды сөйлеттік, жағдайдың жақсы емесіне көзіміз анық жетті. Салада сең қозғалып, құқық қорғау ісінде ілгерілеудің боларына үміт артамыз. Әйтпегенде зар жылаған ана мен өзіне қол жұмсайтын жасөсіпірімдер саны азамайтын тәрізді…
Ж.БАЛАУСА.