СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІЛЕР САНЫ АРТУДА

заңсыздықпен күрестің жаңа тәсілі жағдайды өзгерте ме?

 

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Мемлекеттің болашақ даму бағдары да бүгінгі өскелең ұрпақтың аяқ алысына тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Десе де өзекті мәселелер де жоқ емес. Солардың қатарында қоғамның өткір де өзекті түйткіліне айналған есірткіге тәуелділік те бар.

Қазіргі уақытта синтетикалық есірткі саудасы белең алып барады. Оның қара нарықтағы құны 2 млрд теңгені құрап отыр. Аталған заңсыз сауда көбіне интернет арқылы жүзеге асады. Күні бүгінге дейін мамандар 1700-ден астам наркосайтты бұғаттап, 33 зертхананы анықтаған. Алайда аталған жұмыстар өз нәтижесін бере алмай келеді. Мұны жауапты министрлік те мойындап отыр. Сайттар қаншалықты бұғатталғанымен, оны ашу мен сауданы қайта жүргізуге тосқауыл бола алмауда. Бұл – көкейтесті мәселе. Бүгінде есірткімен күрес бағытында Ішкі істер министрлігі тарапынан кешенді жоспар әзірленуде.
Ең өкініштісі, есірткіге еліткендердің дені – жастар. Тәуелділіктің соңы орны толмас өкінішке әкелері тағы белгілі. Қазіргі уақытта мұнымен күрестің нақты бір жолы белгілі болып отыр. Ол – кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге бірқатар мессенджерлердегі қауіпті деп танылған контенттерге шектеу қою. Құзырлы органдар синтетикалық есірткінің таралуымен күресті күшейту үшін осындай шара қолдануды көздеп отыр. Мамандардың пікірінше, табиғи ескірткіден синтетикалық заттарға тәуелділік екі есе жоғары. Осы тұста психиатр-нарколог Тоқтар Қойшыбековтың пікірін ұсынайық. «Қазіргі кезде бір-ақ рет шылым шеккенің өзінде қан қысымы төмендеп кетеді. Жүрегі қатты қысылып, одан кейін жедел-жәрдем келгенше, өмірін қиылып кетіп жатқан балалар аз емес. Елордалық психикалық денсаулық орталығына бір жылда мыңға жуық адам кеп түседі» дейді. Қауіпті синтетикалық ескірткілер тізімі күннен-күнге ұлғайып бара жатыр. Бүгінде оның түрі 100-ден асып жығылады.
Аталған мәселе жуырда Парламент мінберінен де көтерілді. Нақтырағы, Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов палаталардың жалпы отырысында жастар арасындағы есірткіге құмарлық мәселесін көтерді. Депутаттың пікірінше, нашақорлық жастардың денсаулығына, әл-ауқатына және қауіпсіздігіне үлкен залал келтіріп отыр. Өз сөзінде халық қалаулысы «Соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны екі жарым есеге артқан. Себебі синтетикалық есірткілер жасөспірімдер үшін арзан әрі оған оңай қол жеткізуге болады» деп атап өтті. Осы орайда мәжілісмен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан синтетикалық және тағы басқа есірткілермен «байланыссыз» сауда арналарын анықтау мен олардың жолын кесу үшін қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады. Сонымен қатар есірткі тарататын адамдарды жазалауды қатаңдату жөнінде министрліктің атқарып жатқан іс-әрекеттері туралы сауал қойды. Аталған министрлік өкілі 2019 жылдан бері есірткі тасымалдаушыларға жаза қатаңдағанын атап өтті. Қазіргі уақытта есірткіні тасымалдағандарға 5 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, аталған заңсыз әрекетпен күрес ісі де қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде бірнеше наркозертхана, притондар анықталып, 105 килограмнан астам синтетика тәркіленген. Оның бағасы, жоғарыда атап өткеніміздей, 2 млрд теңгеден асады. Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осы бағытта министрлікте арнайы жұмыс тобы 2019 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Олар күндіз-түні бақылау қызметтерін іске асырып, әрі қарай Ішкі істер министрлігіне тапсырады.
Қош делік, жұмыстың қарқынды жүруі тиіс. Дегенмен мұның нәтиже бермей жатқанын көз көріп, статистика айтып келеді. Жастардың өмірін улап, болашағына балта шабатындарға жазаның қатаң болуы да заңдылық. Әйткенмен жауапкершілік жүгі ауырлағанымен, жағдайдың жиілеп жатқаны қынжылтады. Қош делік, жауапты министрліктің бастамасы жағдайды қалай өзгертетінін алдағы уақытта білетін боламыз. Әзірге қара нарықтағы синтетикалық есірткі саудасына түпкілікті тоқтау болар амал мен айла болмай тұр. Өкініштісі де сол…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.