КАРТОП ИМПОРТЫ АЛҒАШ РЕТ ЭКСПОРТТАН АСЫП ТҮСТІ
Қазақстан – аграрлық потенциалы үлкен мемлекет. Еліміздің егін және мал шаруашылығын дамыту арқылы азық-түлік өнімдерін экспорттаушы жетекші елге айналу мүмкіндігі тағы бар. Десе де салада қордаланған күрделі мәселелер де жоқ емес. Көптеген өндіріс орындары ескірген. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген техниканың салдарынан өнім көлемі де айтарлықтай жоғары болмай отыр. Осының кесірінен базардағы баға шарықтап, халықтың қалтасына қол сала бастаған. Сәйкесінше, экспортты көбейтудің орнына ішкі нарықтағы отандық өнімнің орнын импортқа босатып беруге мәжбүрміз. Сәйкесінше, баға да бұғаусыз кетіп бара жатыр. Мәселен, «екінші нан» аталып кеткен картоптың бағасы бір жылда 4,2 пайызға қымбаттаған.
Energyprom.kz мәліметіне сүйенсек, елімізде картоп экспортына қарағанда импорт көлемі асып кеткен. Мәселені тереңінен талдап көрейік. 2022 жылы картоптың егіс көлемі алдын ала мәліметтер бойынша 198,9 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,9 пайызға артық. Ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Мұнда 31,5 мың гектар аумаққа картоп егілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,2 пайызға аз. Алматы облысында да көрсеткіш кеміген. Биыл 26,1 мың гектар аумаққа картоп егілген. Яғни былтырғы көрсеткіштен 35,8 пайызға бір-ақ азайып отыр. Ал павлодарлық шаруалар 24,9 мың гектар аумаққа аталған дақыл түрін еккен. Нәтижесінде көрсеткіш 22,4 пайызға артып отыр. Еліміздегі жетекші үш өңір – осы.
Ал шілде айының қорытындысы бойынша еліміздегі бір келі картоптың бағасы 182 теңгені құрап отыр. Бағаның айтарлықтай өсімі Атырау облысында тіркелген. Онда бір жыл ішінде картоп бағасы 43 пайызға қымбаттап отыр. Маңғыстаудағы баға 21,6 пайызға, Қостанайда 20 пайызға өскен. Дегенмен еліміздің 17 өңірінің 8-інде картоп құны арзандап отыр. Қош делік, картоптың ең жиі тұтынатын азық-түлік түрі екені бесенеден белгілі. Нақты сандарды сөйлетер болсақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында картоптың орташа тұтынуы жан басына шаққанда 11,4 келі болды, бұл былтырғыдан 1,3% аз. Картопты ең көп жейтіндер – Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының тұрғындары. Бұл өңірлерде жан басына шаққанда сәйкесінше 13,9 кг, 13,3 кг және 13,2 кг тұтынылады. Ең төменгі тұтыну деңгейі Шымкентте тіркелді. Шымкенттіктер бір тоқсанда жан басына 9 кг картоп тұтынады. Жалпы 2021 жылы картоп тұтыну деңгейі жан басына шаққанда айына 3,9 кг, 2020 жылы — 4,2 кг, 2001 жылы — 5,5 кг құрады. Сондықтан бағаның бір қалыпта тұруы халық үшін қашан да маңызды. Десе де еліміздің кейбір өңірлеріндегі бағаның қымбаттағанын көріп отырмыз. Мұның өзі ішкі нарықтағы логистика саласының кенже қалуына байланысты болуы әбден мүмкін. Себебі картоп өндіретін жетекші облыстар мен оларға жақын орналасқан өңірлерде бағаның кемігені айқын аңғарылады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде аталған азық-түлік тауары 13,9 пайызға арзандаған. Мұны бір деңіз…
Ең қызығы, 2021 жылы картоп жинау көлемінің артуына қарамастан, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өнім импорты алғаш рет экспорттан асып түсті. Яғни, экспорт 8,2 мың тонна болса, импорт 38,7 мың тоннаны құрап отыр. Демек шетке шығатын өнімге қарағанда елімізге келетін өнім 4,7 есе көп. Бұған дейін экспорт көлемі импорттан әлдеқайда көп болатын. Мәселен, 2021 жылы импорт 52,4 мың тонна болса, экспорт көлесі 71,4 мың тонаны құраған еді. Ал 2020 жылы экспорт 151,8 мың тонна, импорт 19,7 мың тонна болды. Айырмашылығы – 7,7 есе. Мұның өзі биылғы жартыжылдықта базардағы бағаның құбылуы шеттен келетін картопқа тікелей байланысты болғанын аңғартады. Алдағы уақытта ахуал өзгеруі мүмкін. Нақтырағы, диқандар тамыз айының басында картоптың ерте сұрыптарын жинай бастады. Ал жаппай жинау қыркүйек айында басталып отыр. Биылғы өнім былтырғыдан асып түсуі мүмкін. Артық өнім экспортқа шығарылады. Десе де қойманы толтырып, келесі жылға сақадай сай отырмасақ, көктем ауа тағы да оңтүстіктегі ағайынның картобына күніміз қарауы бек мүмкін. Бұдан бөлек, еліміздегі логистика саласын дамытпасақ, батыс пен шығыстағы, оңтүстік пен солтүстіктегі картоп бағасында айтарлықтай айырмашылық сақтала береді. Бір өңірде картоптың құны түссе, басқасында шарықтап шыға келуі қалыпты құбылысқа айналады. Бұдан шаруалар да, қарапайым халық та ұтылады. Сондықтан ауыл шаруашылығын бір ғана шаруаның мәселесімен шешу мүмкін емес. Кешенді жұмыс қажет. Сонда ғана межелеген аграрлық жетекші ел бола аламыз. Ал қазіргі жағдаймен көпке бармасымыз белгілі…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.