ШЫМКЕНТТЕ МАҢЫЗЫ ЗОР МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ
5 қыркүйек күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Ел тарихындағы тау тұлғаны қазақ қоғамы ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырып, ұлттық журналистиканы дамытқан ұлы қайраткер ретінде жақсы біледі.
Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде ұлт ұстазының туған күні қарсаңында түрлі шаралар өтті. Мәселен, Шымкентте ұлы тұлғаның 150 жылдығына орай «40 мысал, 40 мақал» атты көшпелі әдеби тіл керуені өтті. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов және зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған шаһар басшысы қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтті. Сонымен қатар «Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын!» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жиын барысында сөз алған басқа да зиялы қауым өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлігіне, шығармашылығына тоқталып, оның елі үшін еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету жолында насихат жұмыстарын жалғастыра беру керектігін жеткізді. Шарада ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды. Ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Айта кету керек, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, яғни 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын.