ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БАНККЕ БЕРЕШЕГІ 5 ЖЫЛДА 4 ТРЛН ТЕҢГЕГЕ АРТҚАН
Соңғы уақытта қазақстандықтардың несиеге жүгінуі жиілеген. Мұны сарапшылар табыстың төмен болуымен түсіндіреді. Ел тұрғындары күнделікті өміріне қажет ас-ауқаттың өзін несиеге алуға көшкен. Мұның өзі елдегі қымбатшылықтың халықтың қалтасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын аңғартса керек.
Биыл Қазақстанда екінші деңгейлі банктен несие алған ең егде жастағы адамның жасы 89 жасты құрайды. Бұл туралы Бірінші несие бюросы мәлімдеп отыр. Аталған мекеменің ақпаратына сенсек, ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, елімізде 7 миллион 439 мың адамның басында несиесі бар. Оның ішінде 5 миллион 624 мың адам ағымдағы қарызды төлеу мерзімін кешіктірмеген. «Кем дегенде бір несие бойынша 90 және одан да көп күн мерзімі өткен несие ұйымдарының клиенттерінің саны 1 млн 343 мың адамды құрайды» дейді мекеме мамандары. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Ал жалпы алынған несиенің сомасы 4 трлн 865,5 млрд теңгені құрап отыр. Мекеме дерегінше, алынған несие көлемі бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мегаполис тұрғындары жалпы сомасы 762 млрд теңгеден астам қаражатқа несие рәсімдеген. Ал елорда тұрғындарының жалпы несиесі 577 млрд теңгеге жуықтап отыр.
Бірінші несие бюросы мынадай қызық деректі де ұсынып отыр. Қазақстанда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің төрттен бір бөлігін 30-44 жас аралығындағы нәзік жандылар алған. Сонымен бірге, қарыз алушылардың 21,2%-ы 30-44 жас аралығындағы ер адамдарға, 4%-ы 22 жасқа дейінгі ерлерге, 3%-ы 22 жасқа дейінгі әйелдерге тиесілі. Бұдан бөлек, зейнет жасынан асқан несиесі бар қазақстандықтар жалпы көрсеткіштің 4 пайызына жуықтаған. Қарыз алушылардың қатарында 18 жастағы азаматтар да бар. Мұның өзі қазіргі кездегі әлеуметтік ахуалдың қаншалықты шиеленісіп жатқанын аңғартса керек. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қанша көтергенімен, банктерге жүгінетін жұрттың қатары сиремей отыр. Бұл – өзекті мәселе.
Жалпы елімізде тұтынушылық несие алушылар саны жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. Ұлттық банктің дерегінше, берешектің бұл түрі бойынша Қазақстан азаматтары банктерге 6 трлн 800 млрд теңге қарыз. 2017 жылы бұл көрсеткіш 2 трлн 700 млрд теңге болатын. Сәйкесінше, 5 жыл ішінде қарыз көлемі 4 трлн теңгеге артқан. Тиісті шаралар қаралмаса, банкке берешек болып, қарызын төлей алмайтындардың қатары қалыңдай бермек. Өйткені пәтер жағалап, ас-ауқатқа ақшаны әрең тауып жүрген қазақстандықтар аз емес. Үкіметке иек артамыз. Ал шенділер әзірге жақ ашар емес…
Ж.БАЛАУСА.