БАКУДЕ ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Өткен аптада Әзірбайжанның Баку қаласында «Шымкент қаласының күндері» өтті. Оны Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырса, Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшілігі қолдады.
Биыл Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Айтулы датаға орай, Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде «Welcome to Kazakhstan» атты еліміздің өңірлерінің қатысуымен туристік-мәдени күндер ұйымдастырылды. Осы мақсатта бір аптаға жоспарланған «Шымкент қаласының күндері» аясында Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығын, гастрономиялық тағамдарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныту жоспарланған болатын. Шымкент делегациясының құрамына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар кірді.
Ерлан Қыдыров екі елдің тарихи-мәдени құндылықтарының ұқсастықтарын сөз етіп, өткен айда ұйымдастырылған туристік-ақпараттық орталықтардың I слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті. Шараға келушілер тек қаланың туристік әлеуетін танып қана қоймай, «Сандық» ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен тартқан әуендерін тыңдап, «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз жүгіртті. Іс-шара мақсаты — қаланың ерекше тұстарын көрсету арқылы Әзірбайжан тұрғындарын Шымкент қаласының туризмін дамытуға шақырып, үшінші мегаполиске келетін туристер легін арттыру. Игі бастаманың жемісін алдағы уақытта нақты көретін боламыз. Әзірге қонақжайлығымен танымал үшінші мегаполистің кескін-келбеті қарт Кавказдағы ағайынға ұнаған тәрізді.