ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосқан «Жаңа саяси реформалардың перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосудағы негізгі мақсат – үкіметтік емес ұйым өкілдері қарапайым халықтың талап-тілегін тыңдап, жауапты органдар тарапына жеткізу. Осы орайда азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол екенін айрықша айта кету керек. Олардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Тарқатар болсақ, адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қозғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысады. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалар өте көп.
«Халық пен биліктің арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсартуға, ел дамуына қажет ұсыныстарды талқылауды көздеп отырмыз. Алда бірлесіп атқаратын жобалар көп. Барлығымыздың көздегеніміз – халықтың тұрмысын жақсарту» дейді Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасының орынбасары Жанетта Жазықбаева. Жиын соңында Конституция күніне және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай бірқатар ардагер әскери қызметкер мерекелік медальмен марапатталды.