БІЛІМ ГРАНТЫ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Биылғы оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Талапкерлер дайын сертификаттарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтынан жүктей алады.

Ағымдағы жылы гранттарды тағайындау конкурсына 80 мыңға жуық талапкер құжат тапсырған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға көп. Айта кету керек, бірнеше жыл қатарынан талапкерлердің таңдауы өзгермей отыр. Өтінім бергендердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарына қызығушылық танытқан. Ең үлкен конкурс болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлердің арасында өтті.
Бұдан бөлек, биыл әлеуметтік осал санаттағы балаларға бөлінген грант саны артты. Яғни көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер грант алуда басымдыққа ие болды. Сондай-ақ ауылдан шыққан жастар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ жастарына квота қарастырылған. Ескерте кететін жайт, жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

«Уақыт».