ОҚУШЫЛАР КИІМІНЕ БЕРІЛГЕН КӨМЕКТІ МАҚСАТСЫЗ ЖҰМСАҒАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ

Бұдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде мектеп формасына қатысты дау туған болатын. Ата-аналардың сөзінше, әкімдік беретін киімдердің сапасы сын көтермейді. Сондықтан көмекті қаржылай берген жөн. Дегенмен оның да сұрауы бар. «Жалпыға міндетті білім беру» қоры қаржысын мақсатсыз жұмсаған ата-ана жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтып өтті.

«Ата-ана немесе баланың заңды өкіліне «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қаржылай көмек алуға өтініш жазған кезде жауапкершілік туралы ескертіледі. Яғни ата-ана қордан алған қаржыны мақсатты жұмсап, дәлел ретінде алған заттың чегі немесе квитанциясын ұсынуға келісімін береді. Чек пен квитанцияны қордан қаржысын қолына алғаннан кейін 15 күннің ішінде тапсыру керек. Сонымен қатар ата-ана жалған ақпарат немесе жалған чек ұсынған жағдайда жауапкершіліктің барын біледі. Қажет жағдайда қылмыстық іске дейін қозғалады» деді Дулат Жекебаев министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының эфирінде. Оның айтуынша, қор қаржысы мақсатты түрде жұмсалуы керек. Яғни оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары алынуы тиіс.
Бұдан бөлек, комитет басшысының орынбасары биыл қордан берілетін қаржының шекті сомасы белгіленгені туралы айтты. «Бұған дейін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан берілетін сома әр өңірде әртүрлі болды. Тіпті бір қаланың өзінде екі түрлі сома еді. 2020 жылы аудандар бойынша реттедік, яғни бір сома белгіленуге тиіс. Кейін облыс, қалаларды ретке келтірдік. Биылдан бастап республика бойынша шекті сома нақтыланды. Жаңа қаулыға сәйкес ең төменгі сома – 37 389 теңге. Қордан берілетін қолдау аталған сомадан төмен болмауы тиіс. Егер белгіленген сомадан көп береміз десе оны өздері біледі. Ол мәселені жергілікті билік шешеді» дейді ол.

Ж.БАЛАУСА.