СЕКСЕУІЛ ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ҚҰСТАР САНЫН ӨСІРДІ
Түркістан облысында сексеуіл орманының алқабы ұлғайып келеді. Нәтижесінде құм көшкіні басылып, «Қызыл кітапқа» енген құстар түрі көбейіп келеді.
Өткен жылдың өзінде Қызылқұм шөліндегі қорықшылар «Байырқұм» орманшылығындағы 230 мың гектар алқаптың 3600 гектар жеріне сексеуіл дәнін екті. Сондай-ақ жергілікті тұқымбақта өздері өсірген 500 мың түп көшетті егіп, жасыл желектің аумағын үлкейтті. Табиғатты қорғауда бұл шара кезінде қорықшыларға қара суық пен жаздың аптап ыстығы қолбайлау болмады.
Сала мамандарының сөзінше қараша, желтоқсан айлары сексеуіл дәнін себуге өте қолайлы шақ. Сондықтан да сексеуіл дәнін егу бойынша қызған еңбек өңірде қар қалың жаумай тұрып қарқын алады.
Табиғат қорғаушылар тек құмды алқапта өсетін сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы ұшан теңіз екенін айтады. Сексеуіл құмды алқапты құм көшкінінен сақтап қана қоймай, аң-құстың паналауына жағдай жасап, жер құнарын арттырады. Сексеуіл орманының алқабы кеңейгендіктен қызыл кітапқа енген қара құйрық пен бұлдырық, жиек, дуадақ құстарының да саны артып келеді. Елімізде экологиялық жағдайды да жақсарта түсетін сексеуілді кесуге уақытша тыйым салынған. Қолға алынған шара ағаштың бұл түрінің жойылу қаупін айтарлықтай сейілткен.
Айта кетейік, сексеуілдің бір түбі 4 тонна құмды тоқтата алатын күшке ие.