ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ НЕСИЕГЕ ЖҮГІНУІ ЖИІЛЕГЕН

Елімізде қымбатшылықтың ауқымды мәселеге айналып отырғаны белгілі. Бағаның құбылу көптің қалтасына ауыр соққы боп тиді. Тіпті, қазақстандықтар соңғы уақытта несиеге жиі жүгіне бастаған. Мұны зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылғы маусым айында ұлттық валютадағы кредит көлемі 1,9 пайызға артқан. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.

«2022 жылғы маусымда экономикадағы кредит 2,7 пайызға ұлғайып, 20,1 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы маусым айында жеке тұлғаларға несие 2,9 пайызға, яғни 11,97 трлн теңгеге дейін артты. Ал заңды тұлғаларға несие 2,4 пайызға, 8,08 трлн теңгеге дейін өсті», — делінген агенттік мәліметінде. 2022 жылғы маусым айында ұлттық валютадағы кредит көлемі 1,9 пайызға, яғни 18,25 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал шетел валютасындағы несие сомасы 11,8 пайызға, 1,8 трлн теңгеге дейін артты.
1 шілдедегі жағдай бойынша теңгемен берілген несиенің үлесі 91 пайызды құрады. «2022 жылғы маусымда 2,03 трлн теңгеге жаңа кредит берілді, бұл 2022 жылғы мамырға қарағанда 10,9 пайызға артық. 2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша банктердің экономикадағы несиесінің елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 10%), сауда (26%), құрылыс (4%) және көлік (5%) салаларына тиесілі. Басқа салаларға несиенің 29,7 пайызы бағытталған. «2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар несиенің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінің 3,6 пайызын құрады (2022 жылдың басында – 3,3%)» делінген агенттік хабарламасында. Жалпы еліміздегі банк секторында 22 екінші деңгейлі банк бар. Қазақстандық банктер арты жылда 355 млрд теңге пайда тапқан.