ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесіп, 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар тұрғындардың мәселелерін де тыңдады. Жиынға зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары және басқарма басшылары қатысты. Көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр ма? Өңірде қолға алынған қандай игі бастамалар бар? Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер не дейді? Тарқатайық…

Құрылыс жұмыстарының тең жартысы Қаратауда жүргізілуде

Жалпы ағымдағы жылдың І жартыжылдығында қала әкімі шағынаудандар мен елді мекендерді аралар барысында тұрғындардың 874 ұсыныс-пікірін тыңдаған. Бүгінде көтерілген мәселелердің 374-і шешімін тапса, 336-ы орындалып жатыр. Қаладағы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Өз сөзінде шаһар басшысы «Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі — инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек» деді.
Қаратау ауданының 265 мыңнан аса тұрғыны бар. Аудан әрі қарай кеңейіп, халық саны саны артуда. Аудан әкімі Р.Мүлкеманов жыл сайын аудан тұрғындары 15-20 мыңға көбейіп жатқанын айтты. Ал жалпы үшінші мегаполистегі құрылыс жұмыстарының тең жартысынан астамы Қаратауда жүргізілуде. Жиында азаматтар жалпы инфрақұрылыммен қамту, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, көшелерге ат беру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту сынды мәселелерін айтты. Айтылған ұсыныс-тілектер бойынша қала әкімі тиісті сала басқармаларына тапсырмалар жүктеді.

139 мәселе шешімін тапқан

Қала әкімімен өткен жиынға бас-аяғы 300-ге жуық тұрғын қатысты. «Ашық диалог» форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген түйткілді мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті. І жартыжылдықта Қаратау ауданының тұрғындарымен барлығы 63 кездесу өткен. Онда 328 мәселе көтерілсе, қолға алынған жедел жұмыстар нәтижесінде 139-ы шешілген. 189 мәселе бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр.
Орындалып жатқан жұмыстардың 71-і алдағы екі жылдың көлемінде шешімін табады. Себебі бұл бір немесе бірнеше айда шешімін табатын мәселе емес. Жүйелі жұмыс, нақты жоспармен, кезең-кезеңімен жүзеге асатын түйткілді түйіндер екенін айта кету керек. Ал атқарылатын жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі қадағаламақ.

2 индустриалды аймақ ашылады

Индустриалды аймақтар кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін береді. Жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ. Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесуінде негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен бөлісті. Қазіргі уақытта ауданда 12 ірі және орта кәсіпорын бар. Дегенмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталып кеткен.
Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Инвестициялық жобаның құны 23 млрд теңгені құрайды. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ. Ал екіншісі — «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Құны 11 млрд теңгені құрайды. Мұнда 14 жоба жүзеге аспақ. Соның негізінде 369 жұмыс орны құрылады.

Инженерлік инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші қандай?

Қаратау ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының қарқынды түрде жалғасатынын жоғарыда жазған едік. Енді жекелей тоқталып өтейік. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.
Көгілдір отынға келсек, биыл қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Ал жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы 39 көшеге жүргізілмек. Осылайша тұрғындардың толғақты мәселесіне айналған инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.

1 жылда «халық қатысатын бюджет» үлесі 10 есе артқан

Жыл басынан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша үшінші мегаполисте бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ.
Айта кетсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады. Күні бүгінге дейін бірнеше аулалар аталған жоба аясында абаттандырылып, өзге де нысандар жөндеу жұмыстарынан өтті. Халық тарапынан да белсенділік жоғары. Тиісті ұсыныстар дер кезінде қаралып, қажет шаралар да жедел қолға алынуда.

Жауын-шашыннан келетін қауіптің алдын алу назардан тыс қалмаған

Шымкентте күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған. Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.
Бүгінгі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда. Жалпы Қаратау ауданында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған шаруа көп. Өңірдегі өзекті мәселелер жоспарға сәйкес шешімін тауып келе жатыр. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде де өсім байқалады. Жолдардың сапасы жақсарып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.