ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Шымкент қаласында биыл шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге айрықша басымдық беріліп жатқаны белгілі. Жыл басынан бері бірқатар бастамалар көтерілді. Аяқталған жұмыстар да жоқ емес. Нақтырағы, қазіргі уақытта Қаратау ауданы аумағында жоспарланған 48 көшенің бүгінде 17-інде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Атап айтқанда, Қызылсу тұрғын алабы аумағындағы Гүлистанның 8 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары бітті. Аталған көшелердің жалпы ұзындығы 6,7 шақырымды құрайды. Орташа жөндеуден өткен Жаңақұрылыс №2,3 көшелерінің ұзындығы — 1,3 шақырым. Сонымен бірге Сайрам тұрғын алабындағы Сыдыхан ата, Мүслім төбе, Тектұрмас, Тиллаходжаев көшелерінде асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Асар-2 шағынауданындағы №1,2 көшелері орташа жөндеуден өтіп, бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді. Өтеміс шағынауданы аумағындағы Д.Қонаев және Өжен көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Достық тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесі, Омарташы көшесінің жалғасы, тұйығы және Абдиров көшелерінің жолдары жөнделді. Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Ақжайық шағынауданының аумағындағы Қамбар батыр көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қайнарбұлақ тұрғын алабының Русские березки көшесінің жол құрылыс жұмыстары аяқталды. Оның ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Жоспар толығымен жүзеге асса, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың бірқатар өзекті түйткілдері шешімін таппақ.