МҰРАТ ӘЙТЕНОВ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ
Бұдан біраз уақыт бұрын AMANAT партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының VI съезіне Шымкенттен делегаттар аттанып, қатысып қайтқан болатын. Енді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған съезге қатысқан жастарды қабылдап, пікір алмасты.
Жиында жастар съез барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы баяндады. Еліміздің әр тарапынан келген белсенді жастармен тәжірибе алмасып келуге мүмкіндік берген партияға алғыстарын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде, шаһар басшысы қоғамның қозғаушы күші жастар болғандықтан, оларға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі үміті, сенімді тірегі екенін нақты көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей жастар үшін маңызды білім, еңбекқорлық және отаншылдық бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруымыз қажет. Сіздерге артылар үміт пен жауапкершілік орасан. Бүгінгі жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы сынды бағытта жұмыс жасаудамыз. Ай сайынғы жастармен кездесу жалғаса береді. Әрдайым жалынды ойларыңыз бен идеяларыңызды қолдауға дайынбыз» деп қорытындылады өз сөзін қала басшысы.