ШЫМКЕНТКЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ КЕЛДІ

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына келді. Жұмыс бабымен келген министр қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты.

Жүрек орталығында болған Ажар Ғиният кардиохирургия бөлімшесін аралап, емдеу мекемесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы – алғашқы медициналық көмек нысандарының бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған, жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері орталықта 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалған. Содан соң Денсаулық сақтау министрі қалалық №4 емхананы аралады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 40 мыңға жуық азамат тіркелген.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі қалалық перзентхананы аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасымен танысты. Босану палатасы мен жансақтау бөлімшесінде де болды. Айта кету керек, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында бірінші орында тұр.