МАМАН ТАПШЫ АЙМАҚТАРҒА БАРҒАН МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙЕДІ

«Маман тапшы және білім сапасы нашар өңірлерге баратын мұғалімдерге республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Ол үшін педагог бірнеше кезеңнен тұратын сынақ тапсырады. Бағдарламаға қатысып жеңімпаз атанған мұғалімдердің жалақысы 150 пайызбен төленетін болады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасылы ұстаздарды орналастыру, балаларын мектепке беру секілді мәселелер сол жерде шешіледі. Сонымен қатар тапсырманы сәтті орындап, жолдама алған мұғалімдер барған жерінде 4 апта бойы біліктілігін арттырады», деді Гүлмира Кәрімова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының тікелей эфирінде.
Комитет басшысының сөзінше, білім сапасы төмен және мамандар жеткіліксіз аймақтарға баратын педагогтермен 5 жылдық келісімшарт жасалады. Осы тұста айта кету керек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында педагогтер тапшы. Сәйкесінше, алдағы уақытта аталған өңірге барып жұмыс істегісі келетін мамандарға айрықша назар аударылып, жалақы мөлшері де көбейе түседі.