САЙРАМДЫҚТАРДЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАППАҚ

Жазғы демалыс басталғанымен, мектептегі қарбалас тіршілік тоқтамайды. Оқушылар саябырсығанымен, күзгі оқу жылына қызу дайындықтың басталып кететіні белгілі. Мәселен, Шымкент қаласында орналасқан 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Демек күзде оқу жылы басталғанда аталған білім ордаларының шәкірттері жаңарған білім мекемесінде оқуын жалғастырады.

 

Сол күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім ордаларының бірі – Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп. Ғимараты 1985 жылы қолданысқа берілген. Арада ондаған жыл өткенде ғимараттың сапасы сыр бере бастайды. Атап айтқанда, еден ескіріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен. Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да – өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған.
Жөндеу жұмысынан кейін еден жаңасына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге мектеп ішінде әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған. Айта кету керек, жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 60 пайызы атқарылған.