ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР ЕСКЕРІЛДІ

Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар өз ұсыныс-тілектерін білдіріп, мәселенің шешілуіне мұрындық болып келе жатыр. Аталған жоба аясында абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Ал абаттандырылған аулаларды қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тексеріп шықты.

 

Бұдан біраз уақыт бұрын Әл-Фараби ауданында қала күні мерекесіне орай, А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген болатын. Шаһар басшысы міне осы аулаларда болып, атқарылған жұмыстар жайын өз көзімен көрді.
«Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасы өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бастама тұрғындар тарапынан да жоғары деңгейде қолдау тауып жатыр.