ЖАҢА БЕЛЕСКЕ АПАРАР БАСПАЛДАҚҚА ҚАДАМ БАСТЫҚ

Адам баласы өмірге келгенде балғын балалықты бастан кешіретіні сөзсіз. Содан соң өмірінің ең бір маңызды шағы мектеп табалдырығын аттайды. Мұны балалықтан саналыққа өту кезі деп сипаттасақ, ешкім қарсы болмас. Санасына сәуле шашқан соң үлкен өмірге қанат қағады. Бұл шақты саналықтан даналыққа өту кезеңі дейік. Осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздіктің ақ таңы атқан Қазақстан міне сол даналыққа бет бұрып, алға қарай ұмсынып, дамудың даңғыл жолына қадам басқандай. Кеше елімізде болған жалпыхалықтық референдум – соған негіз. Референдум өткізіп, Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жаңа Қазақстанды құруда әділетті өзгерістерге бағытталған маңызды қадам болды.

 

Соңғы 27 жыл ішінде алғаш рет өткізілген референдумда біз өзіміздің ғана емес, болашақ ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер ететін тарихи таңдау жасадық. Науқанға елдегі дауыс берушілердің 68,06%-ы қатысты. Бұл – 8 млн-ға жуық халық. Осыншама халықтың дауыс беруге қатысып, оның 70 пайыздан астамының референдумды қолдауы қоғам мен мемлекеттің бет алған бағытының дұрыс екенін көрсетті.
Ендігі жерде орын алатын өзгерістер жер қойнауындағы меншік құқығы, Конституциялық сот құру, депутаттардың мандаттарын кері қайтарып алу институтын енгізу және тағы басқа болмақ. Саналы азаматтық таңдау жасау арқылы Конституциялық реформа жасалды. Осылайша 8 маусымда жалпыұлттық референдумда қабылданған Ата заңға енгізілген барлық түзетулер өз күшіне енді. Соған сәйкес, Парламенттің рөлі мен мәртебесі артты. Мандаттыларға артылған міндеттің жауапкершілігі көтерілді. Ендігі жерде Мәжіліс депутаттарының бір мандатты округтер бойынша сайлануы, өз міндеттерін сапасыз орындағаны үшін депутаттық мандаттарды қайтаруы жолға қойылады. Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді. Мұның бәрі халықтың билік институттарына деген сенімін нығайтады.
Жаңартылған Конституцияда жер және жердің қойнауы халыққа тиесілі екендігі, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны туралы норма енгізілді. Негізгі заңға өзгерістер мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыруға да ықпал етеді. Ел өміріндегі тарихи оқиға – референдумда дұрыс таңдау арқылы біз өркендеу жолының алғашқы баспалдағына қадам бастық.
Референдумның қорытындысы бойынша халыққа жолдаған үндеуінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Референдумның нәтижелері біздің мемлекеттілігіміздің тарихында мүлдем жаңа тарауды ашады. Өз таңдауын жасаған халқымыз жасампаздыққа деген ерік-жігер мен түбегейлі өзгерістерге ұмтылысын көрсетті. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Мен бірге міндетті түрде алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге толық сенімдімін. Біз бірге жаңа Қазақстан құрамыз!» деді.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру бастамасының аясында қолға алынған шараларды толық қолдады. Партиямыз үлкен саяси күш ретінде реформаларды іске асыруға белсенді қатысуға дайын.

Ғани ҚАНЖІГІТ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, «Ауыл»
халықтық-демократиялық патриоттық партиясының фракция мүшесі.