ҚАЙТА ШЫРҚАЛҒАН ӘН

әнші Гаухар Тоқайқызы туралы үзік сыр

 

«Өмір деген қызық қой, керек жерін сызып қой» дейтін сөз бар. Естен кетпес әсерлі кез ешқашан адамның жадынан шықпайтыны анық. Өмірімде ізгілікті де өнерлі немесе жүзі жарқын, пейілі ашық жақсы адамды кездестірсем, қуанышым артып кететіні бар. Оқырман қауым мұны біледі деп ойлаймын. Өмірде Адам іздеп жүргенім рас. Қараңызшы, біреулер алтын, сурет, қалам, марка, ашық хат және т.б. жинайтын болса, менің іздейтінім тек Адам. Көкірегі ояу, көңілі ашық, жаны таза жан – менің байлығым, ең қымбат құндылығым деп есептеймін. Шындығында мына пенделігі көп жалғанда Адамнан артық байлық бар ма?

Сондай өнерлі жанның бірін композитор Құрасбек Байтоқаев арқылы таптым. Құрекеңнің жақсы бір қасиеті жаңа әндерін ұялы телефон арқылы таныстырып отырады. Кезекті бір басқосуда гитарамен шырқаған бір әуен құлаққа жағымды естілді. Дауысындағы жағымды үннен бір ерекшелік сезіледі. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді-ау. Сол сәт осынау орындаушы туралы білгім келді. Әттең осынау гитарамен үйлесім тапқан жан әншілік жолға түспей, күйбең тірліктің қамымен кетіпті. Өз жеке кәсібімен айналысады екен. Өзі тұратын көрікті Алматы қаласында кішігірім сән салоны бар. Өзі ерлер шаштаразының шебері ретінде еңбек етуде. Күл астында көмескі тартып, көрінбей жатқан алтынды өз тыңдарманына кеңірек таныстырғым келді. Құрекеңе өтініш айттым. Дәл сол кезеңде Қазақ радиосының алтын арнасы атанған «Шалқардағы» көпшілікке танымал жүргізушісі, бесаспап маман, өз саласынының хас шебері, сан түрлі өнерімен талай жанды тамсантып жүрген Гүлмира Нәлібай таңертеңгілік тікелей эфирге мені шақырмасы бар ма?! Әлгі үні жүрекке жағымды жанды осы эфирге алып бардым. Жерлесім Құрасбектің менің сөзіме жазылған «Ең қымбат адамды» алғаш рет қолындағы гитарасын шертуімен, оның сиқыр сазымен жанды дауысымен әдемі әуезді әуелетті-ау бір. Радио тыңдаушылар жылы қабылдап, лезде жақсы пікірлерін білдіргендер көбейіп жатты.
Сонда ғана, эфирден соң өзі туралы сыр шертті. Бүгінгі әңгіме өзегіне айналып отырған кейіпкерімізді таныстырайын. Оның аты-жөні – Бапанова Гаухар Тоқайқызы. Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылында көпбалалы, өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Тоқай Сәкіұлы мен анасы Сәуен Дәуітбайқызы қарапайым жандар, жұмысшылықтан зейнеткерлікке шыққан. Гаухар – он баланың сегізіншісі.
Бала күннен әнші болуды армандаған. Есінде, мектептің төртінші сыныбында оқып жүргенде «күй орындайсың» дегенде түнімен ұйықтамағаны. Нұрғисаның «Әлқисса» күйін майысқақ саусақтарымен қасиетті домбыраның пернесін күмбірлеткенде жүрекке жеткен үн бүкіл залды ойландырып қойып еді. Сонда мұғалімі «Жарайсың!» деп дем берген. Ия, ұстазы Ұлан ағайы ауылдағы іс-шараларға қатыстырып қана қоймай, жетелеп, әрбір қадамын қадағалап жүрді. Кейін ән де шырқап, сыныптастарының, мектебінің мақтанышына айналды. Халық әндері «Бүлдірген», «Халқыма», «Тойға шашу», «Дәурен-ай», «Дүние-ай» және т.б. әуендерді әуелеткенде ауылдастары қошеметтерін аямайтын. Ауыл жанындағы табиғаты керемет, әлемге белгілі Көлсай көлін тамашалауға ниет еткен туристер алдында да ұлттық киіммен қасиетті қара домбыраға қосылып, ән шырқағанда шетелдіктерге ерекше әсер ететін.
Мектеп бітірген соң өзі ойлағандай емес, бәрі басқаша болып кетті. Үш жылдай оқуға түсе алмады. Үш жылдан кейін Чайковский атындағы саз колледжінің қобыз бөліміне оқуға түскендегі қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес… Әттең бойжетіп, өмір иіріміне араласа бастағаны сол еді… ән әлемі де, арман әлемі де жайына қалды. Бірінші курсты бітіре сала тұрмысқа шығып, тіршілік қамытын мойнына іліп алды. Сахнаға қатысты әңгімеге жұбайы аса қатаңдықпен қарап, үзілді-кесілді тиым салып, рұқсатын бермеді. Әр қарай дүниеге нәресте келді. Ән де, тіпті мамандығым деп таңдаған оқу да жалғасын таппады. Тіршіліктің қамымен түрлі жұмыстар атқаруына тура келді. Кәдімгі өмірдің нәпақа табу жолындағы күйбең тірлік иірімі ештеңеге бас бұрғызуға мүмкіндік бермеді. Әйтсе де оңашада өз әлеміне үңілетін, өнерді сағынатын. Кейде оңашада қалғанда мұң, сағыныш өз соқпағына қарай тартатын. Сондайда қолына қалам алып, ақ қағазды ептеп шимайлайтын әдет шығарды. Ішкі дүниеде бір талпыныс бар. Тылсым құдірет тауға қарай жетелейді.
Ондайда Мұқағалидың кітаптарын қайта парақтайтын. Ішкі әлемде тыныштық жоқ. Кейде өзінде бір белгісіз әуен мазалайтын. Арада он үш жыл сахнасыз, әнсіз өтті…

 
Мұқағали Мақатаев сөзіне жазылған Құрасбек Байтоқаевтың «О, Махаббат сен әлі тірі ме едің?», «Сырласайық» атты әндері жөнінде алғаш өтініш түсті. Артынша Фариза Оңғарсынова сөзіне жазылған Құрекеңнің «Сағына түссін дедің бе?» атты жаңа әні де өз ортасында ғана шырқалды. Ақын Айдын Мұхамеджан сөзіне жазылған «Ауылым», «Мен – Албанның қызымын», «Сен деген» атты өз әндері достар бас қосқанда жұрттың қолқалауымен қысыла-қымтырыла орындап жүрді.
Менің сөзіме жазылған Құрасбек Байтоқаевтың «Ең қымбат адам» әнін гитарамен шырқаған дауысын да алғаш ұялы телефоннан естідім. Сол дауыс тез арада шешім қабылдаттырып, «Шалқар» радиосында шырқалып, тұсауы кесілді. Әншінің де тұсаулы жолы сонда шешілді деп айтуға негіз бар. Тура төртінші сыныптағыдай «ән орындайсың, радиоға тікелей эфирге шығасың» дегенде Гаухардың тағы да ұйықтамауына тура келді. Өйткені мазасыздық әрі жауапкершілік жадында тұрды. Жүрегі дүрсілдегені, толқығаны рас. Бала кездегі қиял көкжиегіндегі арманына қарай осылай қайта қадам жасалды. Міне содан бері ән әлеміне шындап кірісе бастады. Дауысын тыңдаған жандар іздемей, шақырмай тұра алмайтыны анық.
Ән мен жырдың мекеніне айналған «Тілеулестер» бірлестігіне мүше боп қабылданды. Репертуарына жаңа бір әуен менің сөзіме жазылған Құрасбектің әні «Түсінші сен мені», мәтіні Сәнді Ақылайдікі, әуені менікі «Қуантқым келеді» қосылды. Не десек те, радиодағы шырқалған әуен өнер көгіндегі жолын ашты. Артынан Алматы энергетика және электрондық технология мемлекеттік колледжіндегі шығармашылық кеште Гаухар орындауындағы бірнеше әндер әуеледі. Қайта шырқалған әндер қапастағы бұлбұлды жарыққа, кең әлемге әкелгендей күйді бастан кешірді.
Шырқай бер, Гаухар-ән! Әнің еліміздің көгінде әуелеп, тыңдармандар жүрегін жаулай берсін!

Әкім Ысқақ,
Қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ
тілінде жазылған заңның авторы,
Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі.