ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНДА ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Ағымдағы жылдың бес айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,6 пайызға өскен. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты. Нақты қай салаларда өсім бар? Экспорт пен импорттың қазіргі ахуалы қандай? Өңдеу өнеркәсібіндегі жағдай тұрақты ма?

«Биыл қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ға дейін жеделдеді. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің жоғары өсімі байқалады» дейді министр. Жекелей тоқталсақ, нақты сектордағы өсім 4,8 пайызды құраса, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 3,9 пайызға дейін ұлғайған. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрады.
Ағымдағы жылдың бастапқы бес айында сыртқы сауда тауар айналымы 40,8 пайызға өсіп, 39,7 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60 пайызға ұлғайып, 26,5 миллиард долларға дейін жеткен. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32 пайызға артып, 7,3 миллиард долларға дейін жеткен. Ал тауар импорты 13,2 миллиард долларды құрап отыр. «Жалпы, оң сауда балансы жақсарып, 13,2 миллиард долларға дейін өсті» — дейді ұлттық экономика министрі. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібі де жоғары өсім көрсетіп отыр. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3 пайызға ұлғайды. Бұған қоса, құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9 пайызға артқан.