ХАЛЫҚ БОЛАШАҚ ҮШІН ТАҢДАУ ЖАСАДЫ!

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың маусым айының 6-шы жұлдызында елімізде өткен жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Үндеуде ел президенті референдумның жоғары деңгейде өткендігін және оның Қазақстанның дамуының жаңа кезеніне қадам басу үшін маңызы жоғары тарихи оқиға болғанын атап өтті. Халықтық таңдау демократиялық сипатқа ие болды. Мұның өзі тәуелсіз Қазақстанды әлемдік дамыған елдердің қатарынан бой көрсетуіне септігін тигізетіні анық. Барлық азаматтар өздерінің белсенді екендерін көрсетті. Жаңа Қазақстан үшін, өзгеріс үшін дауыс беріп, мемлекетімізде екінші республиканың қалыптасуына мүдделі екендерін білдірді.

Өз заманында Төле би бабамыздың «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле!» дегеніндей, баршамыз референдумға белсене атсалыстық. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының әрі референдумды қолдау жөніндегі қалалық партия филиалы штабының мүшесі ретінде бір ай көлемінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Конституциялық өзгерістер – еліміздің дамуының негізгі өзегі болады деген сенімдемін! Халық өзінің мемлекеттің асыл қазынасы екенін түсінді.
Конституцияға өзгерістер енгізу саяси реформалардың бастамасы және жаңартылған Ата заңымыз негізінде билік институттарының қызметінің барынша тиімді жаңа моделі қалыптасатыны белгілі. Нәтижесінде билік институттарының арасында үйлесімдік пен тепе-теңдік механизмі қалыптасып, саяси жаңғыру ұлттық кәсіпкерлікпен қатар еліміздің экономикасының дамуына да үлкен септігін тигізері анық. Осы орайда, Үндеуде президент әділетті экономика қалыптастыру жолында қолдан жасалған монополиялар мен сыбайлас жемқорлықтың және бюрократияның үлкен тосқауыл екендігін және оған тосқауыл коюдың маңызын ерекше атап өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күресу AMANAT партиясының басты бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл бағытта партия тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.
Алғашқы кезекте кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіліп, жекеменшіктің сақталуына жағдай жасалынып, әділ бәсекелестіктің дамуына үлкен мән берілмек. Ал елден заңсыз жымқырылған қаржы мен активтерді қайтару үшін арнайы мекемеаралық комиссия құрылатын болады. Бұл өз кезегінде қоғамда әділеттілік пен дамуды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ президентіміз елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді қорғайтын құқық жүйесіне деген қажеттілікті алға тарта отырып, Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құру үшін реформалар әзірлену керектігін атап өтті. Ол үшін конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашып, өзгерістерге сәйкес мемлекеттік аппарат үкіметтік емес ұйымдармен, жекеменшік бизнеспен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге көп көңіл бөлінетін болады. Аталмыш реформаларды әзірлеу шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге аспақ. Бұл елдің игілігі үшін қызмет атқаратын кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіледі дегенді білдіреді.
Мемлекет басшысы елімізді дамытудың жоғарыда аталған және басқа да құқықтық мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жариялайтынын айтты.
Сонымен бірге ел президенті «Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда» екендігін атай келе, ата-баба дәстүрін жаңғыртатын Ұлттық құрылтай ұйымдастыру, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігін арттыру үшін маңызды болмақ. Құрылтайда қоғамдағы маңызды мәселелер талқыланып, алғашқы отырысты ұлт ұясы – Ұлытауда өтетінін жеткізді. Бұл – ата-бабамыздан қалған үрдіс. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ел басына күн туған шақта, хандарымыз қара халықпен санасып, тиімді жолдарды анықтап алған. Сондықтан сабақтастық бар жерде, руханият пен жаңғырулар орын алатынын сөзсіз.
Халықтың келешегі үшін жасалып жатқан нық қадамдар жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық және ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету екенін нақтыланды.
Үндеудің басты мақсаты – жұмыла отырып, жеңістерге бірге жеткенімізді дәлелдеу. Осы тұста мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуіміз тиіс. Тыныштық пен бейбітшілік бар жерде әрдайым өркендеу болады. Елдегі бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту – баршамыздың негізгі міндетіміз деп түсінуіміз тиіс. Осы жолда әрбіріміз өз үлестерімізді қосуымыз керек. Сонда ғана жаңа Қазақстанның құрылуына септігімізді тигіземіз деген ойдамын.

Шынтуайтына келгенде, барлық азаматтар жаңа, әділетті Қазақстан құру үшін белсене атсалысып, аянбай еңбек етті деп айта аламыз. Жалпыхалықтық референдум қорытындысы тәуелсіз елімізде қайта жанданып, серпіліс жасап, жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Әр азамат өз таңдауын білдіріп, жарқын болашақ үшін ұмтылысын көрсете білді. Сондықтан барлық азаматтар саяси құқықтарын пайдаланып, тәуелсіздікті мәнді әрі мәңгі ету жолында таңдау жасады. Сол үшін бірлік пен ынтымақта болуымыз қажет. Еліміз жайнай берсін!

Қайрат Имашев,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, AMANAT партиясы
фракциясының мүшесі.