МЕДИЦИНАЛЫҚ МАМАНДАР ТАПШЫЛЫҒЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Соңғы жылдары медицина саласының қоғам өміріндегі қажеттілігі арта түсті. Әлемді шарпыған коронавирус індеті медицина мамандарының маңызын арттырды. Ал елімізде аталған салада түйткілдер жоқ емес. Соның бірін Есеп комитеті Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Катренов атап өтті.

Маманның сөзіне сенсек, кейінгі бес жылда Қазақстанда медицина мамандарының тапшылығы екі есеге артып, 23,1 мыңға жеткен. «Біріншісі — медицина кадрларының тапшылығының артуы. Кейінгі бес жылда, 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін тапшылық екі есе — 10 мыңнан 23 мыңға дейін артты. Бүгінде осы мәселені шешу лауазымдарды біріктіру арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазір толық емес жұмыс уақытының жалпы коэффициенті 1,5-тен 2-ге дейін өзгерді. Мұның бәрі медицина мамандарына үлкен жүктеме әкеледі» дейді маман.
Аудит қорытындысы бойынша дәрігерлерге түсетін шағым саны да артқан. Спикер мұның жүктемеге тікелей байланысты екенін алға тартты. Сонымен қатар соңғы уақытта мамандардың шетел асуы да жиілеген. Соңғы 5 жыл ішінде 5 мыңға жуық маман шекара асып, шетке кеткен. Ал еліміздегі медициналық білімі бар мамандар қартайып барады. Маманның айтуынша, зейнетке дейінгі жастағы дәрігерлер шамамен 30 пайызға жеткен. Бұл – өзекті мәселе. Тиісті шешім жедел түрде қабылданбаса, медицина саласы үлкен мәселелерге тап болуы ғажап емес. Бүгінде министрлік өзге елге қоныс аударып жатқан дәрігерлердің ағынын тоқтату бағытында жұмыс істемесе, алдағы бірнеше жылда шетелдік мамандарға күніміздің қарауы ықтимал. Ал ол қаржымен қатар тәуелділікті де тудырады…

«Уақыт».