АДАМДЫҚ ГҮЛДІҢ ЖАЙНАУЫ

Оқырманым Ақерке Сахова туралы сыр

 

Қолға қалам ұстаған қаламгер ретінде үнемі оқырмандарыммен байланыстамын. Бұл жөнінде «Әкім аға тілеулестері» атты (қысқартып айтқанда «Тілеулестер») әлеуметтік желіде оқырмандарымның басын қосқан қоғамдық бірлестік те құрылған. Сондықтан да болар, көпшілігін жеке танимын десем де болады. Себебі бұл ұжымның өз ережесі, өз бағыты бар, тұрақты түрде шығармашылық кездесулер, форумдар өткізіп тұрады.

 

Бүгінгі таныстырар оқырманымның бірі – Ақерке Сахова. Шымкент қаласындағы №49 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ән де айтады, қарасөзді мәнерлеп те оқиды. Жай мұғалім емес, белсенді, беделді ұстаздардың бірі. Жай оқырманым ғана емес, туындыларымның жанашыры, жақтаушысы. Өзгелерге де оқуына кеңес беруші. Кейде реті келгенде қанатты сөздерімді сабағына да пайдаланады.
Ақерке өзі қызмет ететін «алтын ұяға» жақында ғана арнайы шақырып, жаңа форматта шығармашылық кездесу өткізді. Жүргізушісі де өзі және әріптесі Ғани Әшіров екеуі. Сценарийді жазған да өзі екеніне еш күмәнім жоқ. Мен бұл ұжымды бұрыннан жақсы білемін. Ауызбірлігі жарасқан, ынтымағы мол, бір-біріне деген сыйластығы ерекше. Бұрынғы басшы Сәуле Өтебаева зейнетке кетіп, мектептің қазіргі директоры 2019 жылдан бері Асылбек Сарыбасов деген іскер жас жігіт екен. «Жас келсе – іске» дейді ғой. Өткір, жанып тұр! Сөз сөйлеуі, өзін ұстауы бойындағы педагогтық қасиеті адамды өзіне тарта түседі. Тәртіпке көңіл бөлініп, білім сапасы артыпты. Адами қасиеттерге терең мән беру, үлкенді сыйлау ісі қолға алыныпты. Алтын ұяның қазақы салт-дәстүрге бой ұрып, ұлттық тәрбиені негізге алуы да қуантты. Мектеп ішіндегі салтымызға сай безендірілген киіз үйдің өзі ата-бабалар аманатына адалдық танытқанның белгісі деп қабылдадық.
Әндерім мен өлеңдерім, «Алтынымнан» үзінді оқылған соң кеш өмір, шығармашылық туралы әдемі сырласуға бағыт алды. Шынында өздері екінші бөлім деп атаған сәт көкейдегі түрлі сұрақтарға ұласты. Отансүйгіштік, достық, кешірім, тағдыр сыны, сатқындық, адалдық, мінез-құлық және тағы басқа тақырыптар қозғалды. Сабақ боларлық өмірдегі кейбір оқиғалар мысалға келтірілді. Бірнеше сағатқа созылды. Әлі де айтылмай қалған әңгіме бар сияқты қимай қоштастық.
Кездесуден соң Ақерке «Аға, мынау менің күнделігімдегі жазулар еді. Сіздің шығармашылығыңызға қатысты болған соң керегіңізге жаратарсыз» деп аппақ қағазды ұсынды. Басына «Ой-шырағданға» ризамын» деген тақырып қойылыпты.
«…Болмысымды болаттай бекем еткен, ғұмырымды әрі қарай сүруге икем еткен, тағдырыма түңілмей, одан әрі өмірге талпындырып, өткенімді ұмыт қалдырып, келешекке ұмтылуға себепші болған осынау оқиғаны айтқым келеді. Әрине адамның бойында қайрат-жігері болмаса бордай езіліп кететіні ақиқат. Кімнің алдына кім шыққан дейсіз. Бәріне де себепші бір Алла ғой. Екінші себепші Әкім ағаның шығармашылығы десем қателеспеймін. Шынында «Ой-шырағдан» атты кітабындағы қарасөздері маған демеу берді. Бәлкім, осы кітап болмағанда өзімді мүлде жоғалтып алар ма едім.
Басынан бастап айтар болсам, кесір деген демде екен ғой. Кейде сынақ деген қыр астында жасырынып тұратындай. 2012 жылы аяқ астынан жол апатына ұшырадым. Көлік ішінде өзім де, екі балам да бар еді. Кенеттен келген кесапаттан «жедел жәрдем» көмегіне жүгіндік. Сол күндері менің алған жарақаттарымнан жүруге де шамам келмеді. Сонда да екі адамның сүйемелдеуімен жан сақтау бөлімінде жатқан 9 жасар қызыммен бірге 4 айлық ұлымды көру үшін әрең жететінмін. Сол сәтте қызым еш пендені танымай, тіпті анасы мені де сезбейтін халде еді. Шошынған сәтте жүрегім қысылып, сол жерде көз жасым көл болатын… Ал ұлым туралы… оны айтып жеткізу мүмкін емес еді. Көз алдымда періштемнің еш қимылсыз жатқаны… Іштей жан қиналысымен өмір сүруге талпынысы… Жүрек соғысын тоқтатпаған балапаныма қарап… амалсыз жүрегім қарс айырылатын. Екі бала екі жерде осылай өмірмен арпалысып жатты. Періштем, ұлым 5 күннен соң…қарсы алдымда бұл өмірмен қоштасып кете барды… Жарық дүниені әлі толық сезінбеген сәбиімді өлім жеңгенде мен өзімді тіпті жоғалттым. Естен танып құладым. Сол кезден бастап өзім түсінбес жағдайға тап болып, қатты күйзеліске түстім.Өмірде бар екенім белгісіздеу еді. Өзіме демеу жасаған жандарға ызалана қарайтынмын. Пенденің басына бермесін. Адамды жоғалту, әсіресе өз нәрестең болса, өмірдің мәнінен де айырылады екенсің. Міне сондай ауыртпалықпен жүргенде маған жан-жақтан қолдау жасағандар аз болмады. Алланың берген сынағына мойымай тік жүргенге не жетсін?!
Алланың қолдауы болар, кеңестерін берген дәрігерлердің көмегімен шүкір Нұржігіт атты ұлым дүниеге келді. Енді өзіме келіп, есімді жия бастаған шақта… Алла сүйген құлын сынаққа алады емес пе, тағы да бір сынақ берді маған. Осының өзі өмірдің қаншалықты маңызды екенін білгізгендей. Яғни құдай қосқан қосағым ауыр сырқатқа шалдықты. Еш емі табылмасын айтып, кейбір дәрігерлер үмітімді де үздіргендей еді. Алайда алдымен Алла, сосын білікті дәрігерлердің тынымсыз еңбектерінің арқасында бағымызға орай аман қалды.
Міне сондай күндерді ойлаумен күнім күн емес, түнім түн емес күй кешіп жүргенімде ата-анамның үйіне бардым. Кітап сөресінен Әкім ағаның біраз оқулықтарын байқап қалдым. Солардың ішінде маған ерекшеленгені – «Ой-шырағдан» болатын. Қолыма ала салып ішін парақтай жөнелдім. Сондағы «Бір кем дүние», «Маңызды емес», «Бұл өмір қайта келмейді» және т.б.с.с. дүниелері көзіме оттай басылды. Әрбір қарасөздерін оқыған сайын көз жасыма ерік беріп, өзіме демеу еткен күндерім еді. Әрбір өткен қиындықтарымды еріксіз есіме алып, көптеген жандардың шынайы ниеттері мен маған деген ықыласын сонда ғана байқадым. Ал мен сол кездегі тағдыр тауқыметінен іштей өзімді жегеніммен, сыртқа шығаруға ыңғайсызданатынмын. Дегенмен менің өмірді одан сайын сүйе бастағанымның бірден-бір себебі Әкім ағаның маржандай тізілген алтын сөздерімен, жүрекке жылылық сыйлайтын тәрбиелік мәні зор қымбат та құнды афоризмдері еді.
Әсіресе, мына сөздер өзімді жинап алуыма зор көмегін берді:
«Қиындыққа кезіккен жалғыз сен емессің! Бұл – өмір заңы. Барлық, адамға үнемі керемет болуы мүмкін емес. Сондықтан сабырлы бол. Айналаңа, табиғатқа қарашы, үнемі Күн шығып тұрған жоқ қой: бұлтты, жауынды, дауылды сәттер кездеспей қоймайды. Бәрібір қыстан соң көктем шығатынына сену керек. Басыңды көтер!».
***
«Қайғыра бергеннен мәселе шешілмейді. Еңсеңді түсірмеудің өзі –адамдық міндетің».

***

«Меніңше, Өмір – от. Сенім–май. Үмітсіздік – су. Сенімің артқан сайын отқа май құйылып, жалындай береді. Ал егер сенімің жоғалып, Үмітсіздігің басым болса су басып, отыңды өшіріп, бықси бастайды. Міне, ең жаманы сол! Ешқашанда өз отыңды өшірме!».

***
«Көңіліндегі күнді жоғалтқан адам сұлулығын да жоғалтады».

***
«Шаттығыңды шарықтат, жігеріңді жалындат, жылылығыңды жоғалтпа. Ол – сенің ізгілігің, жақсылықты іздеуің, парасаттылығың, адамдығың емес пе?! Шуақты болған сайын ғана қуатты боласың. Сонда ғана іштегі жан-дүниең жарқырай, жайнай түседі. Дала суық, мұз болғаны ештеңе емес, көңіл суық, мұз болғаннан құдай сақтасын!».
Осынау сөздермен қоса қысқа өлеңдерін ұлым Нұржігітке оқып беріп жүрдім. Шын ниеттің арқасында бәріне жетуге болады екен. Ұлым әріп танымаса да, тыңдау арқылы біраз өлеңдерін жаттап алды. 2018 жылы Әкім ағаны мектебімізге шақырғанда бар жоғы үш жастағы ұлым ағаның тақпақтарын мүдірместен оқып бергенде бүкіл зал ерекше құрмет көрсетті.
Әкім ағаның қарапайымдылығы мен адами қасиеттіне риза бола отырып, әрбір жанның жүрегіне демеу болар дүниелерінің ұшан теңіз екеніне куәмін. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, менде барлығы жақсы, төрт құбылам түгел десем де кейде өткен күндерді еске алсам қиналамын. Дегенмен мұнда барлығын бүкпесіз шындықты жазғаным, ішімдегіні сыртқа осылай шығарсам жеңілдеп қалармын деген ниет. Мені еріксіз сөге көрмеңіз. «Ой-шырағданға» ризамын!».
Өмір шындығын жазыпты. Адам болуың – жүрегіңдегі гүлді солдырмай, тоңдырмай алып жүруің. Ал бақытты адам болуың – сол гүлді құлпырта, жайната білуің! Біз білетін Қансапар Нұржігіт Дүйсенбекұлы 2 «А» сыныбын үздік бітірді. Осынау адамдық гүлдің жайқалғанын көріп, менде де қуанышты сезім пайда болды.

Әкім Ысқақ,
Қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ
тілінде жазылған заңның авторы,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі.