ӘЛЕМДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ АСПАНДАП БАРАДЫ

Үкімет халықты қымбатшылық құрсауынан құтқара ала ма?

 

Қантпен келген қымбатшылық ырық бермей бара жатыр. Ресей кейбір тауар түрлерін шетке шығаруға тыйым салғаннан кейін базардағы баға құбыла түсті. Картоп, қант және қызанақтың бағасы күн сайын өзгеріп, жұртты әбігерге салуда. Оны қойғанда, ұн мен өсімдік майы сынды күнделікті тіршілікке қажет азық-түлік түрлерінің қымбаттауы да көптің қалтасына оңай тиіп жатқан жоқ. Осындайда Үкімет халықты қымбатшылықтың құрсауынан құтқара ала ма деген заңды сауал туындайды. Себеп пен салдарын салмақтап, қымбатшылықпен күрестің қандай жолдары барына тоқталып көрейік…

Украинадағы жағдайдың салдарынан бізде ғана емес күллі әлемде халықтың табысы азайып, инфляция өсті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, АҚШ экономикасы ауқымды зардап шегіп отыр. Өткен жылдан бастап аталған елдегі бағалар 4,7 пайыздан 8,6 пайызға бір-ақ өскен. Өзге елдерге келсек, инфляция Ұлыбританияда 7,8, Германия 7,4, Канадада 6,8, Италияда 6, Францияда 4,8, Жапонияда 2,5 пайыз шамасында жоғарылаған. Еуропадағы ең қуатты экономикасы бар Германиядағы жағдай ушығып барады. Федералды статистика бюросы келтірген мәліметке сәйкес, елдегі инфляция 8 пайызға жақындап, рекордтық деңгейге жеткен. Соңғы рет мұндай жоғары көрсеткіш 1973 жылы тіркелген еді. Қымбатшылық Латын Америкасы елдерін де тығырыққа тіреген. Ет, сүт, май, дәнді дақылдар ай сайын 3,3 пайызға қымбаттап отыр. Инфляция былтыр 3,5 пайыз шамасында болса, биыл ай сайын 6,4 пайызға өсуде. Ал Пәкістанда азық-түлік бағасына наразылар көшеге шығып, қарсылық білдіруде. Елде тұрмыстық тауарлар, киім-кешек, денсаулық сақтау қызметі, тіпті ішімдік пен шылым бағасы аспандап кеткен. Дүниежүзілік банк пен экономикалық ынтымақтастық ұйымы жаһандық экономиканың өсіміне алаңдаулы. Сарапшылар әлемдік экономиканың биыл төмендейтінін болжауда. Бұл – ауқымды шығын, үлкен мәселе.
Ал Қазақстанда азық-түлік инфляциясы бір жыл ішінде 19 пайызға көтерілген. Азық-түлік емес тауарлар 11,9, ақылы қызметтер 9,1 пайызға қымбаттап отыр. Жыл басында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров дағдарыстың тікелей әсерін азайту мақсатында бірқатар шаралар қабылдағанын айтқан еді. Олардың қатарында коммуналдық қызметтер тарифін тоқтату, ел аумағынан кейбір тауарларды алып шығуға тыйым салу, жанар-жағармай материалдарына шекті баға белгілеу және бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға 6 айға шектеу белгілеу сияқты бастамалар бар. Десе де мұның өзінің нарықтағы бағаға аса қатты әсері байқалар емес. «Алайда кез келген шаралар геосаяси шокқа дейін тиімді болуы мүмкін еді, бірақ соғыстың басталуымен қандай мықты шараның да кризис толқынын еңсере алуы қиындық тудырады. Қазіргі жағдайда инфляцияны тежеу үшін үкімет барлық факторларды ескеруі керек. Тіпті кейбір жағдай инфляциялық күтулерді күшейтіп жіберуі мүмкін. Мысалы, биыл мамырда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталды. Бұл автомобиль және тауар бағасының өсіміне ықпал етеді. Сонымен бірге тамақ өнімдерінің бағасы күрт өскеннен кейін биыл наурызда барлық жергілікті әкімдік мониторингті қатайтып, тауар бағасының сақталуын бақылап, алып-сатарлықтың жолын кесуге тиіс еді. Алайда бүкіл өңірде инфляция тек қана өсіп жатыр. Мамыр қорытындысы бойынша инфляцияның айтарлықтай өсімі Маңғыстау (13,9-дан 15,2 пайызға), Қарағанды (13,5-тен 14,8-ге) және Батыс Қазақстан облысында (12,2-ден 13,5-ке) көрініс береді. Инфляцияның ең жоғарғы деңгейі Түркістан (15,4), Маңғыстау (15,2) және Қарағанды облыстарында (14,8) байқалды» дейді Ranking сарапшылары.
Демек инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық банк арқылы базалық мөлшерлемені көбейту мен жергілікті әкімдік тарапынан мониторинг жұмыстарын мықтап қолға алу керек. Алғашқысына келсек, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені ақпан айында 10,25-тен 13,5-ке көтерген еді. Сәуірде 14 пайызға өсті. Маусымда аталған көрсеткіш сақталып отыр. Бұл бағаға қалай әсер ететінін былай түсіндіріп көрейік. Базалық мөлшерлеме дегеніміз – Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге беретін несиесінің пайыздық үстемесі. Сәйкесінше, несиені 14 пайызбен алған екінші деңгейлі банктер халыққа одан жоғары мөлшерлемемен несие береді. Нәтижесінде алған қарыздың үстіне қосылатын сома өседі. Мұны көптің қалтасы көтермегендіктен, несие алудан бас тартады. Қалтасында қаржысы жоқ азаматтардың төлем қабілеті төмен болып, сұраныс азаяды. Міне, сонда баға түседі. Десе де Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көбейтуі несиеге аса қатты әсер ете қоймаған сыңайлы. Осы тұста Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтерін ұсынайық «2022 жылғы наурызда жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,2 пайызға өсіп, 11,2 трлн теңгеге жетті. Ұлттық валютадағы несиелер көлемі 2022 жылғы наурызда 1,7 пайызға өсіп, 17,4 трлн теңге болды. Шетел валютасындағы несиелер көлемі негізінен теңге бағамының 495 теңгеден 467 теңгеге дейін нығаюы нәтижесінде 1,9 трлн теңгеге дейін қысқарды. Теңгедегі несиелердің үлесі 2022 жылғы 1 наурызда 90,3% болды. 2022 жылдың наурыз айында 1,9 трлн теңгеге жаңа несиелер берілді, бұл 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 5,5%-ға артық».
Көріп отырғанымыздай, Ұлттық банктің қолға алған шарасы несие алушыларға аса қатты әсер етіп жатқан жоқ. Қала берді, автонесиелеу сынды бастамалар нарықтағы бағаның бұғаусыз кетуіне де себеп отыр. Мұны әлемдік жағдайдан да көруге болады. Мәселен, АҚШ үкіметі үй шаруашылықтары мен кәсіпорындарды пандемиядан туындаған экономикалық зардаптардан қорғау үшін 5 трлн доллар бөлуді мақұлдаған еді. Бұл шара жиһаз, автомобиль және электроника сынды тауарларға деген сұранысты күрт арттырды. Нәтижесінде баға аспандап шыға келді. Жоғарыда сарапшылар келтірген автонесиелеу бағдарламасының салдарынан нарықтағы бағаның өсуін де осыған мысал ретінде келтіруге болады. Демек, өкінішке қарай, Ұлттық банк бастамасы нарықтағы бағаның өсуіне толықтай тұсау болып жатқан жоқ.
Ал екінші жолына келсек, оның да күтілген нәтижені бермей жатқанын аңғаруға болады. Себебі өңірлердегі базарларда баға құбылып-ақ тұр. Оның себебін әркім әртүрлі топшылап жатқаны да жасырын емес. Әншейінде доллар бағамының қымбаттауымен түсіндіретін жергілікті әкімдік теңгенің нығайғанында үнсіздіктен әріге аса алмай отыр. Ал сарапшылар бағаның мұншалықты құбылуын логистикалық тізбектің бұзылуы, Ресейге салынған санкциялар және отандық өндірістің әлеуетімен байланыстырады. Мониторинг шаралары жүргізіліп жатқанымен, алып-сатарлықпен күресте қауқарсыздығын көрсетіп-ақ тұр. Себебі өндіруші мен тұтынушы арасында бір емес бірнеше алып-сатар бар. Әрбірі 10-15 пайыз пайда көргеннің өзінде халық алатын азық-түлік бағасы аспандап шыға келеді. Ал оған қатысты нақты қандай күрес жолдарының нәтиже берері әлі айтылған жоқ. Үкіметке иек артамыз. Жауапты министрліктің мәлімдемесін күтеміз. Десе де ахуалдың оңалып, бағаның тұрақтанатын түрі тағы жоқ. Жалпы үкімет халықты қымбатшылықтың құрсауынан құтқара ала ма? Әзірге бұл сауалдың басы ашық…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.