ОН ЖЕТІНШІ СЕССИЯДА ҚАЛАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕР ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

Осы аптада Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен өткен мәслихаттың жетінші шақырылымдағы кезекті он жетінші сессиясында үшінші мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Сонымен қатар маңызды отырыста қала бюджетінің атқарылуы, инфрақұрылымды дамыту және медициналық көмек пен дәрілік заттармен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың есебі де тыңдалды.

Сессия отырысында қала мәслихатының шешімімен биылға арналған қала бюджеті нақтыланды. Бюджет көлемі өткен жылмен салыстырғанда 84,3 млрд теңгеге ұлғайып, 573,7 млрд теңгені құрады. Қосымша қаралған қаржылар қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда. Қала аумағындағы кондоминиум объектісін басқару мен ортақ мүлікті күтіп ұстау шығыстарының ең төменгі мөлшері айына 27,3 теңге болып бекітілді.
Бұдан бөлек, қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген тегін медициналық көмек пен дәрілік заттардың тізбесіне толықтырулар енгізіліп, 2 дерт бойынша 25 дәрілік зат тізіміге қосылды.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, ақпан айында бекітілген қала тұрғындарына есеп беру кездесулерінің кестесіне өзгерістер енгізілді. Толығырақ тоқталар болсақ, осы жылдың І жартыжылдығында 84 кездесу өтіп, 8 мыңнан астам адам қатысқан. Жиын барысында тұрғындардан 874 мәселе бойынша ұсыныс түскен.
Сондай-ақ «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру бойынша 10 азаматтың кандидатурасы бекітілді. Жиын соңында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін шешімдер қабылдаған депутаттық корпусқа алғысын жеткізді. «Күні кеше қаламызда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл шараны ұйымдастыруда сіздердің үлестеріңіз мол. Осыған орай, сіздерге алғысымды білдіремін! Сонымен қатар 19 маусымда Шымкент қаласының республикалық қала мәртебесін алғанына 4 жыл толады. Қала күніне орай бірқатар маңызды іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сіздерді іс-шараларға белсене қатысуға шақырамыз» деді Мұрат Әйтенов.