КӨШЕ ТАЗАЛЫҒЫ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТІҢ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫНДА

Шымкент қонақжай мегаполис ретінде танылып келеді. Жыл сайын келетін туристер саны да арта түсуде. Осындайда келген қонақтың қала тазалығына айрықша назар аударары белгілі. Ал бұл бағытта қалада жемісті жұмыс істеліп келеді. Мәселен, бір ғана Әл-Фараби ауданындағы 102 көшеге 900-ден астам қоқыс жәшігі орнатылған.

 

Осы орталық көшелердегі 200-ден астам аялдама мен 400-дің үстіндегі қоқыс жәшіктерін таңертең және кешке жинауға «Build stroi» мердігер мекемесі тарапынан 10 техника мен 180 коммуналдық қызметші жұмылдырылып отыр. Аудан орталығындағы халық көп шоғырланған 87 аялдама мен 172 қоқыс жәшігін күніне 3 рет тазарту үшін мердігер мекеменің қосымша мобилдік 4 техникасы мен 30 қызметшісі жұмыс істейді. Осы және өзге де бағыттардағы жұмыстар күнделікті кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Атқарылған жұмыстар жайы аудандық әкімдіктің жіті бақылауында.
Осы орайда, қала тазалығына әрбір тұрғынның айрықша үлес қосарын баса айтқымыз келеді. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастап, қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әлеуметтік жауапкершілік және әр азаматтың міндеті. Мұны тұрғындар жадтан шығармаса игі.