ӨТЕГЕНОВ КӨШЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛАДЫ
Шымкент қаласының кеңеюі қаладағы көлік ағынын арттырды. Салдарынан шаһар орталығында ұзын-сонар кептелістің орын алып жатқаны да жалпақ жұртқа белгілі. Сондықтан қалалық әкімдік тарапынан көшелерді кеңейту мен ұзарту бағытында бірқатар тың бастамалар назарға алынып, жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі ретінде Өтегенов көшесін жалғастыру бастамасын айтуға болады. Маңызы зор құрылыс сапасы әкімдіктің басты назарында.
Жуырда шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі көшені ұзарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысып қайтты. Жалпы көшенің І кезеңі Шымкент-сити шағынауданы мен Сырым батыр көшесінің аралығын қамтиды. Жолдың жалпы ұзындығы – 1,205 шақырымды құраса, ені – 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі – 4 жолақты. Бүгінде жерді сәйкестендіру мен қысымдау жұмыстары жүргізілуде.
Өтегенов көшесі жалғасының ІІ кезеңі Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы – 0,970 шақырым. Ал енді 23,5 метрді құрайды. Екі кезеңнің де құрылысы 2021 жылы басталған. 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба толығымен бітсе, Бәйдібек би даңғылының қазіргі көлік жүктемесі едәуір жеңілдемек.