БИЫЛ 449 ОТБАСЫ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРЕДІ
Бүгінде баспаналы болғысы келетін көпке арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар үшін жасалып жатқан жағдайлар да көп. Мәселен, Отбасы банкінен «2-10-20 Бақытты отбасы» арқылы тұрмысы төмен отбасылар жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын сыйақымен бастапқы 10 пайыздан кем емес жарнасын құйып, 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие алуға болады.
Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты шеңберінде 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд теңге көлемінде лимит бөлініп отыр. Оған тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы отбасылар, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Негізгі талаптарға келсек, өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматтығы, өтініш берген күнге өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі айлық табысы, қаржы жылына белгіленген, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (әрбір отбасы мүшесіне 115 905 теңге) аспауы, некені бұзу сәтінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін), еңбек және кәсіпкерлік қызметтен отбасылық жиынтық табыстың болуы, төлем қабілеттілігін растауы және тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұруы керек.
Кредит беру талаптарына сәйкес, бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді сатып алу кезінде азаматтарға берілетін ең жоғарғы қарыз сомасы 15 млн теңгеден аспайды. Аталған бағыт бойынша өтінімдерді қабылдау Отбасы банкі арқылы ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап қабылданады. Былтыр «Бақытты отбасы» бағыты арқылы бөлінген лимитке сәйкес 363 отбасы несиелік баспанамен қамтылған еді. Оның ішінде көпбалалы 173, толық емес 30, мүгедек бала асыраушы 160 отбасы бар.